Семейдегі Восход кентінің тұрғындары Президентке видео үндеу жолды

15:50, 29 маусым 2020

Семей қаласының маңындағы Восход кентінің тұрғындары Қасым-Жомарт Тоқаевқа видео-үндеу жолдап, шағымындарын жеткізді, деп хабарлайды Altaynews.

Кент тұрғындары әлеуметтік желі арқылы Мемлекет басшысына жанайқайын жеткізіп, кенттегі мәселелерге назар аударуын сұрады.

- Бізге назар аударуыңызды сұраймыз. Себебі әкіміміз Ермак Сәлімов біздің барымызды ұмытып кетті. Бізде ауыз су жоқ. Қаладағы құдықтардан әкеліп жүретінбіз. Карантин кезінде жағдайымыз, тіпті қиындай түсті. Өйткені шектеу шаралары енгізілгеннен кейін жеке көлікпен жүруге тыйым салынды, - дейді тұрғындар.

Тұрғындардың бәрінде жеке көлігі болмаса да, осы күнге дейін бір-біріне болысып, өз күндерін өзі көріп жүрген сыңайлы. Суды дүкеннен сатып алуды әркімнің қалтасы көтере бермейтіні анық. Шалғайда жатқан ауылдардың өзіне су құбырларын тартып, ауыз сумен қамтамасыз етіп жатқан мына заманда ірі қалаға тиіп тұрған кент тұрғындарының сусыз отырғаны қалай?

Кентте ауыз судан бөлек те шешімін таппай тұрған мәселе көп екен. Мысалы, елді-мекен іші мүлде жарықтандырылмаған. Тіпті, негізгі көшенің бойына да шамдар орнатылмапты.

- Кентте жол жоқ. Асфальт төселген бір ғана жолдың өзінің жөндеу көрмегеніне жылдардың жүзі болды. Бірнеше кентке ортақ бір ғана мектеп бар. Білім ордасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Балалар үш ауысыммен оқиды. Әбден қараңғы түскенде бірақ қайтады үйлеріне. 4 шақырымдай жер қаңыраған енсіз даламен жүріп өтеді. Бұл өте қауіпті, - дейді тұрғындар.

Кентте бұрын керамзит зауыты болған екен. Қаңырап бос қалған ғимараттың маңындағы қоршауды алып тастап, құбырларды қазып, терең шұңқырлар қалдырып кеткен. Өткен жылы жолдың бойынан 10 шақырымдай жердегі шұңқырлардың біріне қараңғыда бозбала құлап, сонда жатып аштан өлген. Мәйітін 9 күннен кейін бірақ тауып алыпты. Бұл қауіпті аймақ та жарықтандырылмаған.

Кентте тұрғындар саны көп болса да, балабақша мен мектепке дейінгі білім беру мекемелері жоқ. Балаларға арналған алаң мен спорт алаңы да салынбаған.

Тұрғындардың айтуынша, Семей қаласының әкімдігінде сан рет шағым айтып барғанымен ешқандай жауап ала алмаған.

- Бізге назар аудармағаны былай тұрсын, кентімізді қаланың қоқысын төгетін орынға айналдырып жіберді, - дейді олар.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!