Сарысу ауданында инвестициялар көлемі 120 пайызға артқан

13:01, 13 желтоқсан 2019

Соңғы уақытта өңірдегі ауылдардың тіршілігіне қан жүгіріп, жаңаша түрлене бастады. Аудан, ауылдағы тұрғындар түрлі мемлекеттік бағдарламалардың арқасында тұрмыс сапасын арттыруға бет бұрып келеді.

Осы орайда, ондағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын зерделеу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен пресс-турлар ұйымдастырылуда. Бұл жолы алған бағытымыз Сарысу ауданынан басталды. Аталған ауданға барып, мемлекеттік бағдарламалар мен аудан әкімінің индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қанықтық.

Сарысу өңіріне ат басын тіреген журналистерді қарсы алған аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің айтуынша, индикаторлық көрсеткіштер бойынша барлық сала дамып келеді екен. Мәселен, инвестициялар көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 120 пайызға артқан. Сондай-ақ ауданда өндірілген өнім көлемі де 104 пайызға жеткен. Бастысы, өсім тұрақты қалыптасып келеді.

– Бүгінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету маңызды мәселе. Ауданда 1958 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Алдағы уақытта екі тұрғын үйдің жобалық сметалық құжаттарын дайындап, қаржы бөлуге ұсыныс береміз. ҚР Тұңғыщ Президенті және облыстың 80 жылдығына орай 70 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ 120 пәтерлі тұрғын үй Тәуелсіздік күні қарсаңында иелеріне табысталмақ. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен көпбалалы аналарды кезегі келгенге дейін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспары аясында Жаңатас қаласындағы 4-ші шағын аудандағы №15 үйге жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл үйді осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарымызда тұр. Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 20 пәтер көпбалалы аналар үшін сатып алынды. Қорыта айтқанда, жыл соңына дейін 266 отбасы қоныс тойын тойлайды, – дейді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Мұнан соң Жаңатас қаласында облыс жастарын кәсіпкерлікке баулу аясында жаңа бизнес идеяларды жергілікті елді мекендерде іске асыру мақсатында қайтарымсыз грант аясында 2 миллион грантқа қол жеткізген Асылхан Ұзақбайдың жаңадан ашылып жатқан кәсібімен таныстық. Ол бүгінде аудан орталығында осыған дейін болмаған киімдерге және шыны ыдыстарға сурет салатын арнайы орталық ашқан. Осы арқылы жас кәсіпкер аудан тұрғындарына қызметтің жаңа түрін ұсына бастаған. Сондай-ақ тура осылай кәсібін ашқан жастардың бірі Ұйым ауылының тұрғыны Нұржан Оңалбек. Кәсіпке ебі бар ауыл жасы ауданда осыған дейін болмаған бөдене өсіру ісін қолға алыпты.

– Аймақ жастарын кәсіпкерлікке баулу аясында қайтарымсыз грантқа қатысып, 1,5 миллион теңгеге қол жеткіздім. Бұл қаржыға көрші Түркістан облысынан 100 бөдене мен Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылынан жұмыртқалауға бейім 250 тауық сатып алдым. Сонымен қатар оларға жайлы қора салдым. Негізі, бөдене асырауда есте жүрер ерекше жәйттардың бірі – қора қыстың күні + 20 градустан түспеуі қажет екен. Осыны ескерген мен күніне 25-30 жұмыртқа алып жатырмын. Оны ауыл тұрғындарына 35 теңгеден өткерудемін, – деген жас кәсіпкер Нұржан алдағы уақытта инкубатор алып, бөдене санын көбейтуді жоспарлап отыр екен.

Жалпы облыс жастарын кәсіпкерлікке баулу аясында жаңа бизнес идеяларды жергілікті елді мекендерде іске асыру үшін 324 миллион теңге қаралған. Бұл қаражат қайтарымсыз грант түрінде әр адамға 3 миллионға дейін берілген еді. Бұл жобаға Сарысу ауданынан 56 жоба ұсынылып, оның 20-сы жеңімпаз атаныпты.

Мұнан соң БАҚ өкілдері Қызылдихан ауылына бет бұрып, ауыз су жүйесімен танысты. Негізінен осы уақытқа дейін аталған қызылдихандықтар ауласындағы құдық суын пайдаланып келген. Дегенмен өткен жылы аудан басшылығы тұрғындардың талабын жерде қалдырмай су мұнарасын салып беріпті. Бүгінде ауыл тұрғындары тереңдігі 210 метрден шығатын талапқа сай, таза ауыз суды тұтынып отыр. Тәулік бойы үздіксіз беріліп жатқан ауыз су құбыры әр аулаға кіргізілген.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!