Ревакцинация деп құлшынып отырған үкімет оған ақшаны қайдан алмақ?

13:02, 20 қазан 2021

© Сурет: Максим Золотухин / zakon.kz

Қараша айында Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы қайта вакциналауды бастау жоспарлануда. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандықтарды қайта вакциналау қандай қаражат есебінен жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

Бұл мәселені Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жәмила Нұрманбетова көтерді. Ол коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакциналанатын контингентті 9,9 миллионнан 11,4 миллион адамға дейін көбейту туралы шешім қабылдағанын еске салды.

Алайда 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында вакцина сатып алуға және қайта вакциналауға қаржы көзделмеген.

Сұраққа жауап бере отырып, вице-премьер Ералы Тоғжанов қаржы "Үкімет резервінен" бөлінетінін хабарлады.

ДДСҰ ұсынысымен, 20-дан астам елдің тәжірибесін ескере отырып, біз қарашаның үшінші онкүндігінен бастап қайта вакциналауды жүргізу туралы шешім қабылдадық. Алты айдан кейін белсенді емес вакцина алғандар үшін және тоғыз айдан кейін векторлық вакцина алғандар үшін қайта вакциналау басталады. Бірінші кезекте қауіп аймағында жүргендер – дәрігерлер, мұғалімдер, сондай-ақ 60 жастан асқан азаматтар вакциналанады. Олар жыл соңына дейін вакцинамен толық қамтамасыз етіледі, - деп түсіндірді Премьер-Министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, қалған азаматтарға кезең-кезеңімен екпе салынатын болады. 2022 жылы шамамен 2 млн адамды егу жоспарлануда. Ал 2023-2024 жылдары екпе мәселесі эпиджағдайға байланысты шешілетін болады.

Қазақстанның барлық халқы вакцинамен, оның ішінде қайта вакциналауға қажеттінің бәрімен толық қамтамасыз етіледі, деді Ералы Тоғжанов.

Бақытжан Отарбаева


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!