Республиканың қала мектептері қаржыландырудың жаңа форматына көшті

09:30, 4 желтоқсан 2020

Жергілікті атқарушы органдарының деректері бойынша жыл сайын мемлекеттік мектептерге 19,9 млрд теңге бөлініп келген.

Қаржыландыру көлемінің осындай болғанына қарамастан, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, қаржыландырудың жеткіліксіздігі, авариялық мектептер, сумен жабдықтаудың болмауы, асхана, интернеттің нашарлығы және т.б. мәселелер қала берді.

Бұл қиындықтарды жою мақсатында білім беруді қаржыландырудың жаңа тетігін әзірлеу, атап айтқанда – жан басына шаққандағы қаржыландыру принципін енгізу ұсынылды.

2013 жылдан бастап 2019 жылға дейін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың апробациясы жүргізілді, оған 50,6 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 23,45 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінді.

Аталған апробация мынадай жақсы нәтижелерді көрсетті:

- мектептерді 1 оқушыға есептелген біркелкі қаржылық қамсыздандыру белгіленді;

- көптеген мектептердің бюджеті ұлғайтылды, бұл қосымша қаржыландыру көлемі есебінен мектептердің оқу-материалдық базасын нығайтуға мүмкіндік берді;

- жан басына шаққандағы норматив құрамында ынталандыру қоры қарастырылғандықтан, педагогтерде оқушылардың жетістіктерін арттыруға қосымша уәждеме пайда болды;

- ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке норматив көзделгендіктен, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған мектептер саны артты;

- ата-аналар мен мұғалімдерден алымдар айтарлықтай азайды.

Ағымдағы жылғы қыркүйектен бастап республиканың 1 585 мемлекеттік қалалық мектебі жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға толық көшірілді.

Жалпы, бұл мақсаттарға мемлекеттік бюджетте 331,0 млрд теңге қарастырылған, оның шамамен 29 млрд.теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді, сәйкесінше қала мектептерінің бюджеті орташа алғанда 20% - ке өсті.

Қаражатты игеру барысында жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен 23 мыңнан астам компьютер, 3 мың планшет, 18 мың мектеп жиһазы, 245 оқу кабинеті сатып алынды, 437 жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Осылайша, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды енгізу барысында алынған нәтижелер орта білім беру саласындағы қаржы жүйесін дамытудағы таңдалған бағыттың тиімділігін дәлелдейді.

Толық ақпаратты www.pnf.kz сайтынан алуға болады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!