Пулеметта ұмыт қалған оқ сарбаздың өмірін қиды

13:09, 9 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz

Алматы гарнизонының әскери сотында Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздың қаза болу фактісіне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бас әскери прокуратураның мәліметінше, 2025 жылғы 23 қыркүйекте жеке құрамның қарумен жұмыс істеу барысында пулеметтен абайсызда оқ атылып, оның салдарынан оқ жарақатын алған қатардағы жауынгер Сейтқали Ә., қайтыс болды.

Іс бойынша қадағалауды жүргізу барысында әскери прокурорлар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға және дәлелдемелерді жинақтауға бағытталған қажетті тергеу және процестік әрекеттердің толық жүргізілуін қамтамасыз етті.

Сотта не анықталды

Тергеп-тексеру барысында батальон командирінің орынбасары қаруды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпегені, сондай-ақ алдыңғы өткізілген атыстардан кейін қаруды толық тексеруді ұйымдастырмағаны анықталды.

Соның салдарынан ұңғыда қалып қойған оқ әскери қызметшінің қаза болуына себеп болды.

"Сот талқылауының қорытындысы бойынша аталған лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігімен (ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды".Бас әскери прокуратура

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін пышақ ала жүгірген сталкер сот залынан босатылғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!