Президент: Тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар

11:57, 25 маусым 2020
551

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қазақ тілінің мәртебесі туралы пікірімен бөлісті. Бұл туралы ол "Ана тілі" газетіне берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

Президенттің пікірінше, осы отыз жыл ішінде қазақ тілін дамытуға қатысты ештеңе істелген жоқ деуге болмайды.

- Туған тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін көп жұмыс атқарылды. Оған дау жоқ. Мұны сырт көз сыншылар да айтып жүр. Бірақ олардың кейбірі мұндай үрдіске аса қуана қоймайды. Өйткені енді қазақ тілінің дамуын тежеп, ел ішінде кең өріс алуын тоқтату мүмкін емес екенін сезеді. Қазақ тілінің жағдайы туралы айтқанда, мемлекетіміздің негізін қалаған, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айырықша еңбегін атап өтуге тиіспіз. Ол елімізде мемлекет құраушы ұлттың саны едәуір аз болғанына қарамастан Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялады. Сондай аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар екенін, тіл мәселесіне бей-жай қарап, нем­құрайдылық танытатын бол­сақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін екенін баса атап өтті.

- Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әсіресе Ресеймен арадағы шекарамыздың әлем­дегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. География – геосаясаттың маңызды факторының бірі, - деді ол.

Бірақ Мемлекет басшысы бұл мемлекеттік тілге қа­тысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейтінін, қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет екенін де еске салды. Бұл орайда Президент Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтірді.

- Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды. Менің таңғалатыным, Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылады. Тіпті олардың тұтас тарихында да осылай болған. Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр, - деді Тоқаев.

Оның айтуынша, тарихтан сабақ ала отырып, біз технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек.

- Әлем түпкілікті өзгерістердің алдында тұр. Сол себепті есте жоқ ескі заманды аңсамай, лингвистикалық мәдениеттің айналасын шиырлай бермей, тарихымызды да дәріптеп, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, алға ұмтылуымыз қажет, - дейді ол.

Мемлекет басшысы біздің мемлекеттік тілдің жағ­дайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер тү­сінбей, таңданыспен қарайтынын да айтты.

- Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз, - деді Тоқаев өз сұқбатында.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!