Президент екі облыстың әкімін сынға алды

09:16, 18 маусым 2021

© Сурет: Ақорда

17 маусымда Президент газ саласын дамыту бойынша кеңес өткізіп, еліміз бойынша газдандыру деңгейі 53 пайыздан асқанын атап өтті, деп хабарлайды zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстанның алты өңірі 90 пайыздан астам көлемде газбен қамтамасыз етілген. Бұл ретте, Мемлекет басшысы елорданы, Қарағанды және Ақмола облыстарын газбен қамтамасыз ету мерзімінің кешіктіріліп жатқанын атап өтті.

"Сарыарқа" магистральді газ құбыры 2019 жылы уақытылы пайдалануға берілген. Бүкіл елімізге ортақ бұл әлеуметтік маңызы бар жоба экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Әкімдіктердің салғырттығынан тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз етудің белгіленген мерзімдері кейінге шегерілуде. Сондықтан Үкіметке нақты мерзімін, индикаторлар мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып, аталған өңірлерді газбен қамтамасыз ету жоспарын жандандыруды тапсырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің солтүстік өңірін, атап айтқанда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газбен толық қамтамасыз ету мәселесі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді деп санайды. Газбен қамтамасыз ету аталған өңірлердің кәсіпорындарының қарқынды дамуына, бизнес жүргізу және өмір сүру тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.

Бұл – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Оны шешудің екі жолы бар. Атап айтқанда "Сарыарқа" магистральді газ құбырын ұзарту немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Аталған екі тәсілдің де өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Үкіметке өңірлердің әкімдерімен бірлесе отырып, жуық арада таңдау жасауы қажет, – деді Президент.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!