Президент Астана туралы: Қала жолдарының жай-күйі де мәз емес

16:22, 31 қаңтар 2023

© Сурет: Zakon.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың көлік жүйесін дамытуға қатысты айтты. Президенттің сөзінше, қалада көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұрғанын баса айтты.

"Тағы бір маңызды мәселе – Астананың көлік жүйесін дамытуға қатысты. Автокөлік саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті, көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналды. Бұл, тіпті, қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып отыр. Мысалы, Мәңгілік ел даңғылы кептелістен көз ашпайды. Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сонымен қатар кіші айналма жолдың құрылысы созылып кетті. Оның үстіне, жаңа тұрғын үй кешендерін салғанда жол мәселесі толыққанды ескерілмей жатыр. Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр. Сондықтан, мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет". Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев жылда жөнделсе де, сапасы сын көтермейтін жолдар туралы да пікір білдірді.


"Қала жолдарының жай-күйі де мәз емес. Мысалы, кейбір көшелер жыл сайын жөнделеді. Бірақ көктем шыққанда жолдың сапасы сын көтермейді. Ал кейбірі мүлдем қараусыз қалған. Бұл – жол салу және жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді деген сөз. Бұл мәселені Үкімет мен әкімдік арнайы қарауы керек. Қажет болса, мердігерлерді ауыстыруға тиіс."Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтіп жатыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!