Премьер-министр Асқар Мамин ҰБТ-ны сапалы өткізуді тапсырды

10:42, 2 маусым 2020
224

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңа жағдайда өткізуге дайындық мәселесі қаралды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу осы жылдың 20 маусымынан 5 шілдесіне дейін өткізіледі. Оған 131 мыңнан астам оқушы немесе былтырғы жылмен салыстырғанда 12%-ға көбірек (117 мың) оқушы қатысады. ҰБТ-ны өткізетін 161-ге жуық пункт, 1 200-ден астам аудитория дайындалды, қадамдық нұсқаулық қабылданды.

ҰБТ дәстүрлі тәртіпте, алайда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі. Осылайша, коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайту үшін 5 зарарсыздандыру шарасы қолданылады, атап айтсақ: тест тапсырушының дезинфекциялау тоннелі арқылы өтуі, аяқ киімді арнайы дезинфекциялаушы кілемшеде өңдеу, қолды санитайзермен тазалау, температураны өлшеу, бір рет қолданылатын маска ұсыну. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібі бойынша тест тапсырушылар арасындағы арақашықтық кемінде 2 м-ді құрайтын болады.

"Барлығы тыныш жағдайда өтуі керек, түлектер назарын тек тестке аударуы тиіс. Дәстүрлі түрде ата-аналар үшін тестілеудің онлайн таратылымын ұйымдастыру керек, осылайша ҰБТ үдерісінің ашықтығы мен айқындылығы қамтамасыз етіледі", — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы білім және ғылым, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктеріне және өңірлер әкімдіктеріне ҰБТ-ны сапалы өткізуді және санитарлық талаптардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ҰБТ-ны қазіргі жағдайда өткізу бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Өңірлердің әкімдіктеріне тест тапсыру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тасымалдау нормаларын сақтай отырып, түлектерді тасымалдауды ұйымдастыру, ҰБТ өткізу пункттерінің алдында адамдардың жаппай жиналуын болдырмау тапсырылды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір