Полицейлер жол-көлік апаттарының құрбандарын еске алу күніне орай бейнеролик әзірледі

12:17, 16 қараша 2018

«Алматы облысында Жол-көлік апаттарының құрбандарын еске алудың Дүниежүзілік күніне орайластырылған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда»,- деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің Баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, «Қауіпсіз жол» апталығы барысында тәртіп сақшылары аймақтағы жолдың тайғақтығы мен қар басуын ескере отырып, халықты жолда мұқият болуға шақыруда. Әсіресе, темір тұлпар тізгіндеген азаматтармен қатар, жаяу жүргіншілерге де жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға, қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз орындау қажеттілігін ескертеді.

«Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 300 астам адам көз жұмды және 2000 астам адам әртүрлі дене жарақатын алды. Қайтыс болған адамдардың саны азайғанымен, автожолдардағы апаттылық жағдайы ешқандай сын көтермейді. Полиция тарапынан азаматтардың өз өмірін сақтап қалуы үшін қауіпсіздік шараларын естен шығармауын ескерту мақсатында акциялар мен алдын алу шаралары үнемі жүргізіледі. Жүргізушілер мен жолаушылар жолдың қателіктерді кешірмейтінін, әрбір қателік адам өміріне қауіп төндіретінін ұмытпауы қажет»,- деп атап өтті тәртіп сақшылары.

Облыс автожолдарында және Талдықорған қаласында жолаушы тасымалдаушы бірнеше автобус: «Біз жол қауіпсіздігін қалаймыз!», «Көлікті жөндеуге болады, бірақ баланы жөндей алмайсың!», «Ұмытпа! Сені жақындарың күтіп отыр!» және т.б. жазулармен безендендіріліп, тұрғындарға жол қауіпсіздігін еске салуда.

«Осындай акциялар Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында, саябақтарда және халық көп жиналатын өзге де орындарда өткізілуде. Арнайы тапсырыс бойынша жол-көлік оқиғасы тақырыбында бірнеше бейнероликтер әзірленді. Басты мақсатымыз – маңызды проблемаға елдің назарын аудару»,- деп толықтырды Полиция департаментінің өкілдері.

Айта кетейік, облыста жол жүру ережесін сақтамау 77 жаяу жүргіншінің өмірін қиған, оның 18-і кәмілеттік жасқа толмаған жеткіншектер.

2005 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы халықаралық қауымдастыққа жол-көлік апатынан қаза болғандар күнін белгілеп, сол күні олардың туған-туыстарына көңіл айтуды ұсынды. Ұсыныс қабылданып, Еске алу күні ретінде 18 қараша белгіленді. Аталған күн биыл алдымыздағы жексенбіге сәйкес келіп отыр.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!