Полицейлер белсенді мектеп оқушыларын құттықтады

11:39, 22 мамыр 2020

Коронавирус індетінің жаппай таралуына байланысты елімізде мектептердегі соңғы қоңырау салтанатты шарасын онлайн өткізу туралы шешім қабылданғаны баршаға аян. Осыған орай, Панфилов ауданының тәртіп сақшылары оқу жылында қоғамдық белсенділік танытып, полицейлердің жас көмекшісі ретінде мектептегі тәртіпті қамтамасыз етуге және патриоттық тәрбие беруге белсенді атсалысқан оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, полиция басшылығы атынан алғыс хаттарды табыстады, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бүгін біз Пенжім орта мектебінің 7 сынып оқушысы Аймұқаш Алина Мақсатқызын оқу жылын үздік тәмамдауымен құттықтап, аудандық Полиция бөлімі бастығының алғыс хатын табыстадық. Алина – оқу озаты, республикалық "Білген ойсана" интелектуалды олимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткен үздік оқушы. Ол алғырлығымен, бастамашылдығымен көшбасшы екенін көрсетеді. Аудандық шараларда полицейлердің жас көмекшісі ретінде өзгелерге үлгі болып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда", - деді Панфилов АПБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Жамбыл Бакетов.

Полицейлер оқу жылында белсенділік танытқан өзге де оқушыларды құттықтауды жоспарлауда. Аудан көлемінде жарияланған карантинге байланысты алғыс хаттарды тәртіп сақшылары кейбір оқушылардың үйіне немесе олар білім алатын мектеп әкімшілігіне табыстау туралы шешім қабылданған.

"Алғыс хат белсенді оқушыларға қосымша ынта береді деп сенеміз. Баланың талабы қолдау табуы тиіс. Келесі жылы жас көмекшілер қатары артады деп ойлаймын", - деп толықтырды полиция подполковнигі Жамбыл Бакетов.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!