Петропавл іргесінде су тасқынының алдын алу үшін бөгет салынып жатыр

15:25, 19 қазан 2017

Биыл көктемде табиғаттың тосын мінезі петропавлдықтарды әбден әбігерге салған еді. Өңірде Есіл өзені тасып, шаһарда бірнеше үй су астында қалған болатын. Түйткілдің түйінін тарқату үшін мамандар былғары зауыты кентінде бөгет салып жатыр. Бұл мақсатқа ел бюджетінен қомақты қаржы бөлініп отыр.

Самат Қайырденұлы, тілші: 

-Биыл көктемде өңірде Есіл өзені арнасынан асып, қала іргесіндегі былғары зауыты кентінде 100-ден астам үйді су басып қалған еді. Тіпті шаһарда төтенше жағдай жарияланып, бірнеше отбасы баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан жергілікті билік бұл ауданды қоршауға алып, бөгет салуды бастап кетті. Мамандар енді келер жылы еріген қар суы шығын әкелмейді деп сендіріп отыр. 

Дулат Шарапиденов, қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

-Жұмыстар қыркүйек айында басталды. Бұл мақсатқа ұлттық қордан 2 миллиард 700 миллион теңге қаржы бөлінді. Бөгеттің жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асып жығылады. Ал биіктігі 5 жарым метр болады. 

Самат Қайырденұлы, тілші: 

-Апат айтып келмейді. Сондықтан кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Қазір мұндағы шаруаларға 200-ден астам адам мен 160-қа жуық техника жұмылдырылды. Мамандар қазір екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшкен. Осылайша олар жаңа бөгетті қараша айының соңына дейін толығымен аяқтауды жоспарлап отыр. Ал келер жылы былғары зауыты ауданында жаңадан жолдар салынатын болады. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!