Павлодарлық түлектер мектеп бітіру кешінде Димаш Құдайбергенді көргісі келеді

12:43, 22 мамыр 2018
599

Павлодарлық мектептерде түлектер кешінде өнер көрсететін Қазақстан эстрада жұлдыздарына дауыс беру бойынша жүргізілген сауалнаманың қорытындысы шықты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы агенттікке облыстық білім беру басқармасы тәрбие ісі және қосымша білім беру бөлімінің бас маманы Сәуле Нұрғалиева айтты.

- Мамыр айының басында мектеп бітірушілерінің арасында еліміздің белгілі әншілерінің тізімі ұсынылған сауалнама өтті, - дейді Сәуле Нұрғалиева. – Білім ордаларынан түскен мәлімет жастардың Димаш Құдайберген, Jah Khalib, Ғалымжан Молданазар және «Ninety One» тобын көргісі келетіндері анықталды. Облыстық мәдениет басқармасына осы төрт адам ұсынылды. Бұдан басқа, Қайрат Нұртас, Әлішер Кәрімов, Айқын және Әли Оқаповты таңдағандар болды. Алайда соңғы аталған өнер иелері бұған дейін өткен түлектер кешіне қатысқан болатын.

Басқарма ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 15-маусым күні Орталық алаңда өтетін түлектер кешіне 42 қалалық және мамандандырылған мектептен 1499 мектеп бітіруші қатысады.

Еске сала кетейік, биыл аймақта мектеп бітіретін 3897 түлектің 2857-сі ҰБТ-ға қатысуға өтініш жазған. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 215, ерекше үлгiдегi аттестатқа үміткерлер саны – 109.

Ақбота Сейсенбаева




Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!