Павлодарлық кәсіпкер африкалық түйеқұстар мен қара тауықтар өсіруде

15:44, 18 тамыз 2017

Павлодар ауданы Мичурин ауылдық округінде жас кәсіпкер Андрей Савченко хайуанаттар бағын ашты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ол біздің өңірдің тұрғындары үшін жат саналатын африкалық түйеқұстар мен қара тауықтарды Омбы қаласынан әкелген. Себебі көршілес Ресей елінің климаттық жағдайы Ертіс өңіріне ұқсас келеді. Биіктігі екі метр, салмағы 150 келі тартатын құстар жақын маңда адам көрсе болғаны қарсы шабады. Андрей Савченконың айтуынша, түйеқұстар айтарлықтай қатты шоқып тастамайды, дегенмен аулаға кірмеген жөн болады.

- Құстар төрт-бес жаста, - дейді кәсіпкер. - Бір қызығы, олар кез келген дыбысты естісе болғаны, шошып кетеді. Тағы бір айта кетерлігі, олар 80 жылға дейін өмір сүреді. Егер де жұмыртқалайтын болса, жұмыртқаны инкубаторға саламын. Тәжірибем аздау, дегенмен барлығы ойдағыдай болар. Әзірге қысты қалай өткеретінін білмейміз.

Дегенмен ірі қанаттыларды ұстау онша ауыр емес. Тамақты аздан және шөп пен жарманы бірдей жейді. Бұдан басқа, Андрей Савченко түрлі-түсті жұмыртқа табатын ерекше қара құстарды өсіреді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Ануар Қалышбековтың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда филиал жергілікті атқарушы органдармен бірге ферманы кеңейту мақсатында Павлодар-Омбы тас жолында жер учаскесін бөлу мәселесін шешуде.

- Алдағы уақытта кәсіпкер құстар мен жануарлардың түрін көбейтуді көздеп отыр. Хайуанаттар бағы Павлодар қаласына жақын орналасқан. Сондықтан мұндағы құстар мен аңдардың артуы нәтижесінде келушілер саны да арта түсер, - дейді Ануар Қалышбеков. pavlodarnews.kz

Фото: Рavlodarnews.kz

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!