Павел Дуров заң бұзды ма? Экология министрлігі атышулы видеоға қатысты мәлімдеме жасады

20:11, 13 қазан 2025

© Сурет: gov.kz

Бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желіде Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Алматы облысында шомылуға тыйым салынатын Көлсайға түскен сәтінің видеосы жарияланған болатын. Осыған қатысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Экология министрлігі аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, Көлсай-2 көлінің маңында шомылуға тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері болмағаны анықталғанын хабарлады. Осылайша Павел Дуровтың бұл әрекетінде құқық бұзушылық белгілері жоқ.

Құзырлы ведомство кездейсоқ орын алған жағдай аумақтың экологиялық тұрақтылығына әсер етпегенін нақтылайды.

"Аталмыш оқиға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережелері туралы туристерді жүйелі түрде хабардар етудің маңыздылығын көрсетті. Бұл өз кезегінде Қазақстанның бірегей табиғатын сақтауға, сондай-ақ елдің эко және жауапты туризм бағытындағы тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Павел Дуровтың 10 миллионнан астам жазылушысы бар жеке парақшасында жарияланған бейнематериал имидждік сипатқа ие, Қазақстанның табиғи сұлулығын халықаралық аудиторияға паш етті. Мұндай ақпараттық қамту елдің туристік әлеуетін жақсартуға қосылған елеулі үлес", делінген хабарламада.

2025 жылғы 2 қазанда Астанада өткен Digital Bridge халықаралық форумында Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанға келуінің себебін айтқан болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!