"Пара алды" деп айыпталған шенді қамаудан босатылатын болды

16:09, 17 шілде 2019
105

Елордадағы сот алқасы ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты департаменттің бұрынғы директоры Асланбек Жакуповтың үстінен қозғалған істі қарады. Сот қайта тергеу жүргізу үшін оның іс қағазын кері қайтарды, деп хабарлайды BNews.kz.

- Нұр-Сұлтан қаласы №2 Есіл аудандық сотының 2019 жылы 29 мамырда Асланбек Қуандықұлы Жақыповқа қатысты шығарылған қаулының күші жойылсын. Қылмыстық істі ҚР Қылмыстық кодексінің 323-бабының 1-бөлігінің 8-тармағына сәйкес ҚР Бас прокуратурасына қайтырлсын. Жақыповқа тағайындалған қамауға алу шарасы өз еркімен ешқайда кетпеу туралы міндеттемесіне алмастырылып, ол дереу босатылсын. Соттың бұл қаулысы оның толық мәтіні жария етілген күннен бастап, яғни 2019 жылдың 18 шілдесі сағат 12.00 уақытында өз күшіне енеді. Шешімге апелляциялық шағым түсіруге немесе наразылық білдіруге болмайды, - деді судья Шынар Ерғалиева.

Айта кетсек, 29 мамырда ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты департаменттің 31 жастағы директоры Асланбек Жақыпов 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол "500 мың теңгеге пара алды" деп танылып, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-тармағы, 2-бөлімі, яғни "Алаяқтық" бабы бойынша сотталған. Апелляциялық шағымды тыңдаған сотта Жақыповтың адвокаты оның клиенті бұрын мойындап, еткен куәліктерінен бас тартқанын мәлімдеді.


Источник: zakon.kz


Пікір