ОСК комиссия мүшелерінің жалақысын көтеруді ұсынды

21:13, 18 тамыз 2017

Сайлау туралы заңның олқы тұстары көп. Орталық сайлау комиссиясы құжатқа 20 шақты өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынады.

Бүгін комиссия төрағасының орынбасары Владимир Фоос заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында құжатты жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс айтты. Оның ішінде, учаскелік сайлау комиссиясының санын көбейту, интернет-ресурстармен жұмыс жүргізуді жүйелеу, әскери бөлімдерде үгіт жұмыстарының барысын анықтау, сайлау бюллетенін жеткізуін қадағалау мен аймақтарда мәслихат сайлауын жергілікті бюджеттің көмегімен өткізу секілді мәселелер бар. Сондай-ақ электоралды кезеңде комиссия мүшелерінің жалақысын көтеру жайы да сөз болды. 

Владимир Фоос, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

-Комиссия бес жылға сайланады. Екі айлық электоралды кезеңде олар республикалық қаржыландырудың арқасында жұмыс атқарады. Бәрі заңға сәйкес. Комиссия мүшелері атқарған жұмыстары үшін алатын ақшасы аз болғандықтан, комиссия құрамында жұмыс атқарудан бас тартып жатыр. Өйткені ең төменгі айлық деңгейінің үш еселенген сомасы оларды қанағаттандырмайды. Сол себепті ең төменгі айлық деңгейін оларға 4 еселеп төлеуді ұсынамыз.

Сондай-ақ бүгін Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков «парникті газдар мен озонды бұзатын заттарды реттеу» бойынша Экологиялық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Қазір елімізде 170-ке жуық ірі кәсіпорын бар. Бірақ олардың ауаға қанша парникті газ шығаратыны туралы нақты мәлімет жоқ. Экологиялық кодекске енгізілетін ендігі өзгерістерден соң қай кәсіпорынның ауаны қаншалықты ластайтыны туралы мәлімет көпшілікке қолжетімді бола түседі.

Сонымен қатар министрлік өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу үшін оның сақтау мерзімін өзгертуді, қалдықтарды қауіпті және қауіпсіз деп екіге жіктеуді ұсынады. Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтар 100 млн.тоннаға жеткен. 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!