Оңтүстік Қазақстан облысында диқандар 51 мың гектарға қауын-қарбыз екті

10:39, 24 мамыр 2018
554

Алматы. 24 мамыр. 7kun.kz – Оңтүістік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстары 97 пайызға орындалған деп хабарлайды ОҚО әкімшілігінің баспасөз қызметі. 

2018 жылы шаруаларға аталған жұмыстарға мемлекет тарапынан 55 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 27 мың тоннадан астам жанар май берілді. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Мақтаарал ауданына жасаған сапары кезінде шаруалармен болған әңгіме барысында айтты.

Облыс әкімі Сырабад елді мекеніндегі «Эверест» шаруа қожалығының егістік алқабыныңда болды. Мақта, жоңышқа, бақша шаруашылығымен айналысатын серіктестік 1997 жылы құрылған. Шаруашылық өткен жылы 24 тонна жоңышқа, 60 тонна бақша дақылдарын өндірген. Ал биылғы жылы 2,45 гектар жерге мақта, 1 гектар алқапқа бақша, 1 гектарға жоңышқа дақылын егіп, агротехникалық іс-шараларды тиімді ұйымдастырып отыр.

Сапары барысында Жансейіт Түймебаев Атамекен ауылдық округі, Талапты ауылындағы «Майбек» шаруа қожалығындағы егілген қарбыз алқабының жұмысымен танысты.   Екі гектар жерге егілген бақша дақылы бүгінде пісуге шақ қалған. Қожалық биыл 3 гектар жерге мақта, 2 гектар жерге бақша, 1,74 гектар жерге көкөніс дақылдарын еккен.

Жалпы ауданда биыл 138 мың гектардан астам суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның 27 064 гектарын бақша дақылдары құрайды. Нақтырақ айтсақ, биыл мырзашөлдік бағбандар 19 500 гектарға қауын, 7 564 гектарға қарбыз еккен. Ал облыс бойынша 51,5 гектар жерге бақша дақылдары егілген.

Аудандағы бірқатар шаруа қожалықтардың жұмыс барысымен танысқан өңір басшысы диқандармен сұқбаттасты. Әңгіме барысында егістік жерлердің құрылымын әртараптандыру, көктемгі егістік жұмыстарының барысы және суармалы жерлердің көлемін арттыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына барынша қолдау мен көмек көрсетіліп жатқанын айтқан Жансейіт Қансейітұлы ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында ауданға өткен жылы 4019,7 млн теңге көлемінде субсидия бөлінгенін атап өтті.

«Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 833,1 мың гектарға орналастыру межеленген болса, оның бүгінге 97 пайызы орындалып отыр. Ал көктемі ерте келетін біздің аймақта диқандар ерте егін егіп, бүгінде оның жемісін көріп отыр. Мәселен облыс бойынша көктемгі егістіктен жиналған 136,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері Ресей, Беларуссия мемлекеттері мен республиканың солтүстік аймақтарына жөнелтілді. Оның 38,5 мың тоннасы Мақтаарал ауданының еншісінде»,-деді облыс әкімі.

Сонымен қатар өңір басшысы аудан әкіміне ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудың барлық бағыттарын автоматтандыру бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен жасалған егіс алқаптарының электрондық картасына 1 шілдеге дейін барлық егістің енгізілуін қадағалауды тапсырды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!