ОҚО-да су электр станциясы іске қосылды

20:52, 20 қыркүйек 2017
746

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында шағын су электр станциясы іске қосылды. Сағатына 1 мегаватт қуат өндіретін нысан қазір 10 елді мекенді жарықпен қамтамсыз етіп отыр. 

«Қызылсеңгір елді мекенінде бұрындары жарық жиі өшетін. Үйдегі тоңазытқыш пен теледидар қатар қосылса болды, бөлме іші ала-көлеңкеге айналатын еді», – дейді Құрманғазы ақсақал. Қазір ауылдың маңынан шағын су электр станциясы салынғалы электр энергиясының сапасы артқан.

Құрманғазы Тасболтаев, ауыл тұрғыны:

-Жарық өшіп қалушы еді. Ал енді шағын электр станциясы «Достық» іске қосылғалы электр қуаты толық беріледі. Үйдегі құрылғылардың жұмыс істеуі бұрынғыға қарағанда жақсы болды.  

Әдетте су электр станциясы үлкен өзеннің бойына салынатын. Бұл жобаға мамандар үш жыл уақытын арнапты. Әуелі станция орналасқан жер есептелініп, тиімділігі тексеріліп барып, таңдап алыныпты. Сосын Ресейде жасалған қондырғылармен жабдықтаған. Шағын станция үлкен Келес магистралды канал арқылы ағып келген суды айналдырады. Осылайша қуат өндіріледі. 

Ділшад Рақымжанұлы, кәсіпкер:

-Каналдың суын пайдалана отырып, 3 генератор жұмыс істейді. Олар 6,5-7 куб суды пайдаланады. Біз төбе жағынан бассейнге толықтырып, ол суды сосын бері қарай 500 метрге суды айдап, трубинадан өткізіп, кейін қайта каналға суды жібереміз. Бұл жерде біз судың тек күшін пайдаланамыз. 

Шағын су электр станциясы елді мекенді жарықпен қамтып қана қоймайды. Осында тұратын жергілікті 10 азаматқа жұмыс беріп отыр. Алдағы уақытта осы өңірден қуаттылығы 2,5 мегаватты құрайтын тағы бір станция салынады деп жоспарлануда.  

Халықты тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтитын бұл су электр стансасы қазір Қазығұрт ауданы пайдаланатын қуат көзінің бестен бір бөлігін береді. Ал елімізде мұндай шағын электр станциялары көбейер болса, электр қуаты үшін сыртқы тәуелділіктен арыларымыз анық.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!