Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлеміндегі ең танымал тұлға атанды

11:21, 31 қазан 2018
459

Бұл туралы «Қазақстан және Орталық Азия: этноәлеуметтік үрдістер мен этномәдени байланыс» атты ҚХА-ның Орталық Азия ғылыми сарапшылық кеңесінің отырысында «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Ботагөз Рақышева мәлім етті деп жазады assembly.kz.

«Бүгін біз еларалық әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін ұсынбақпыз және ол салыстырмалы сипатқа ие. Бұл жоба Халықаралық Түркі академиясына тиесілі. 2017 жылы бастамашылық етілген осы жоба Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия және Әзербайжан елдерінің астаналарында іске асырылды. 2018 жылы бұл жоба жалғасын тауып, барша республикаларда жүргізілді. Осы орайда қалалар мен ауылдар да қамтылды. Биыл бұл жұмыстар түркітілдес әлемнің 5 елінде ұйымдастырылды», - деді Б.Рақышева «Түркі барометрі» жобасын таныстыру барысында.

«Сауалнама барысында респонденттер өздері білетін адамдар жайында мәлімет берді. Негізінен, әрбір респондент өз елінің Президентін айтып жатты. Алайда барлық 5 елдің азаматтары жалпы жауаптарында екі есімді ерекше білетіндіктерін байқатты. Осы орайда олар Түркі әлемінің маңызды тұлғалары ретінде Мұстафа Кемал Ататүрік пен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты атады», - деді «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры.

Оның сөзіне қарағанда, зерттеу шаралары шілде мен тамыз айларында өткізіліп, қыркүйекте Түркі кеңесінің саммитінде таныстырылды. «Атап айтқанда, «түркітілдес елдердің мәдениетімен қаншалықты таныссыз?» деген сауал қойылды. Осы орайда Әзербайжан мен Қырғызстанның тұрғындары бұл бағыттағы деректерден жақсы хабардар екенін байқатты», - деп тоқталды сарапшы.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандар арасында «түркітілдес қай елге жұмысқа, оқуға немесе саяхаттауға барғыңыз келеді?» деген сұрақ қойылған. Бұл тұрғыда адамдар аталған бауырлас елдерге сапарлауға ниетті екенін сөз еткен. «Бәрінен бұрын біздің тұрғындар осы елдерде саяхаттауға қызығушылық танытты. Жалпы, туризм мен түркітілдес елдерге сапарлау ниеті барлық жерде байқалды. Яғни адамдар жоба аясында қамтылған мемлекеттердің мәдениетімен, салтымен танысуға ерекше көңіл бөліп отыр», - Ботагөз Рақышева Мұнымен қоса, респонденттерден Түркі әлеміндегі беделді тұлғалар туралы сұралды.

Айта кетейік, «Түркі барометрі» өзінің сипаты жағынан Еуропа одағының «Еуропа барометрі» зерттеу бағдарламасы мен әлемнің өзге де аймақтарында жүргізілетін («Афробарометр», «Латынбарометр» т.б.) зерттеулеріне ұқсас.

Мұндағы мақсат - түркі мемлекеттері тұрғындарының Түркі кеңесі тарапынан жүргізілетін интеграциялық процестерге қатысты көзқарастарын, экономикалық, мәдени аспектілерге байланысты ой-пікірлерін бағамдау. Бұдан бұрын хабарланғандай, 2017 жылы қарашада Астанада «Түркі барометрі» жобасы таныстырылды.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!