Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңестің отырысына қатысты

10:02, 22 қаңтар 2020

"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның бір бөлігін конституциялық емес деп тану ұсынысы бүгін Конституциялық Кеңестің отырысында талқыланды, деп хабарлайды "Хабар 24".

Азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі сөз болған жиынға Елбасы қатысты. Айта кетейік, Ата заңға сәйкес Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойғы мүшесі саналады. Әлеуметтің әл-ауқатын жақсартуға септесетін маңызды мәселені талқылауға Кеңестің ғұмыр бойғы мүшесі ретінде алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысып отырғанын, бұл елдің конституциялық даму тарихында айрықша оқиға екенін Кеңес төрағасы Қайрат Мәми атап өтті.

Қайрат Мәми, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы:

– Аса құрметті Елбасы, Сіздің осындай мәртебеңіз конституциялық заңдылық режимін одан әрі қарай күшейтуге зор үлесін қосатыны анық. Бұл қызметіңіз өзіңіздің Тәуелсіздік жылдары азаматтардың конституциялық құқықтарын толық қамтамасыз етуге бағытталған президенттік мәртебеңіздің заңды жалғасы деп мен ойлаймын.

Сонымен заңды сөйлетсек... "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңда "Егер олар меншiк құқығымен орналасқан жерiне қарамастан, өзге тұрғын үйдi сатып алған болса, жалдаушыны, оның отбасы мүшелерiн немесе онымен бiрге тұратын басқа адамдарды басқа тұрғын үй бермей шығаруға жол беріледі» делінген. Былтыр желтоқсанның соңына таман Алматы қаласының Алатау аудандық соты Конституциялық Кеңеске жүгінді. Осылайша кеңес Заңның 107 бабы, 8 тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы соттың ұсынысын іс жүргізуге қабылдады. Азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі көтерілген соттың өтініші бір ай ішінде қаралып, шешім шығарылуы тиіс болатын. Заңның талабы сондай

Рахмет Мұқашев, ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі:

– Бұл құқықтық норманың мазмұны әртүрлі түсіндіріледі әрі тәжірибеде әртүрлі қолданылады. Бір аймақтарда отбасы мүшесі баспана алған жағдайда,жергілікті атқарушы органдар пәтерді жалға беру жөніндегі келісімшартты бұзады. Және бүкіл отбасынан үйді босатуды талап етеді. Ал кейбір облыстарда баспана алған адамды ғана шығарады. Сот тәжірибесінде де бірізділік жоқ.

Заңдағы кемшілік соттың Конституциялық Кеңеске жүгінуіне негіз болды. Себебі соттар мен жергілікті атқарушы органдар заңға сүйеніп, егер отбасының бір мүшесі баспаналы болған жағдайда, мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйден сол жанұяны шығару жөнінде шешім шығарып келді. Елбасы Конституциялық Кеңестің ұстанымы қоғамның тұрғын үй мәселелерін шешуге септеседі деді.

Соңғы үш жылдың ішінде соттардың қарауына дәл осы санатқа жататын 29 іс келіп түскен. Оларға қатысты шешімдер де әр алуан. Тек бір ғана іс Жоғарғы Сотқа жеткен. Талқылау кезінде Заңның бұл нормасы жітілдірілмегені әрі азаматтардың конституциялық құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін екені айтылды. Сонымен нақты шешім қандай? Конституциялық Кеңес өз қызметінде барлығы 140 астам нормативтік қаулы қабылдаған.

Егер 1996 жылдан бастап қайыратын болсақ, кеңес қарауына 190 өтініш келіп түскен. Оның 24-і Мемлекет басшының атынан жіберілген. Кеңес отырысында Үкіметтің, Сенат пен Мәжілістің, Жоғары Сот пен Бас Прокуратураның, министрліктер мен Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің пікірі тыңдалды. Сонымен қатар бұл мәселеге қатысты заң саласының қайраткерлері өз уәждерін айтқан. Жиын қорытындысы бойынша Конституциялық Кеңес нормативтік қаулы қабылдады. Қаулы баспасөзде, Кеңестің сайтында жарияланады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!