Нұрлан Нығматулин шетелдік елшілерді қабылдады

15:42, 18 маусым 2019
360

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бірқатар шетелдік Төтенше және өкілеттті елшілерді қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түрікменстан елшісі Тойлы Комековпен кездесу барысында парламентшілер арасындағы екі жақты ынтымақтастық, сауда-экономикалық, отын-энергетикалық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы мәселелер талқыланды. Тараптар қарым-қатынастарды дамытудың негізін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қалағанын атап өтті.

Н.Нығматулин мен Т.Комеков бүкіл Орталық Азия өңірінің "Түрікменстан - Өзбекстан - Қазақстан - Қытай" газ құбыры, "Қазақстан - Түрікменстан - Иран" темір жолы сияқты ірі жобаларды іске асырудың маңызын, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы тарихи конвенцияға қол қойылғанына назар аударды.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Парламенттің тиісті комитеттері мен ынтымақтастық топтары арасындағы заң шығарушылық жұмыста тәжірибе алмасу үшін қарым-қатынастарды кеңейтуге қатысты пікірін білдірді.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, ағымдағы жылғы 23-24 қыркүйекте Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында "Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік" тақырыбында өтетін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесіне Түрікменстан Меджлисі делегациясының қатысуы парламентаралық диалогты дамытуға ықпал етпек.

Мәжіліс Төрағасы Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гагик Галачянмен кездесуде халықтардың мүддесі үшін парламентаралық ынтымақтастықты нығайту туралы әңгімеледі. Парламент Төрағасы бастаған Армения Ұлттық Ассамблеясының делегациясы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін форумға қатысатындықтарын растады.

Әңгіме барысында Нұрлан Нығматулин мен Гагик Галачян еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық бірлестіктер шеңберінде Қазақстан мен Арменияның тығыз ынтымақтастығын атап өтіп, бұл парламентшілердің ынтымақтастығы үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын айтты.

Мәжіліс Төрағасы Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумармен парламентаралық байланыстарды дамытуға қатысты пікір алмасып, инновация, жоғары технологиялар және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы үнділік тәжірибені зерттеуге қызығушылық танытты.

Кездесу барысында, Бішкекте өткен ШЫҰ саммиті аясында қол қойылған құжаттардың маңыздылығы аталып өтті.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!