Нұр-Сұлтандағы Байқоңыр ауданының әкімі не бүлдірген?

18:17, 21 қаңтар 2020
124

Елордада "Байқоңыр" ауданының әкімі параға 4 млн теңге және жаңа iPhone алған деп айыпталды, деп жазады "Время" басылымы.

"Байқоңыр" ауданының әкімі Асқар Есіловті дүйсенбіде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері ұстады. Жоғары лауазымды шенеунік өзінің туысынан миллиондаған теңге мен құны 550 000 теңге тұратын 11Pro 256 GB "Айфонын" пара ретінде алды деп күдікке ілінді.

Дүйсенбі күні кешке аудан әкімінің ұсталғаны туралы сыбыс тарай бастады. Сейсенбі күні таңертең өз ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, саясаттанушы Ербол Еділов бұл туралы Телеграмм арнасында жазды, бірақ ешқандай нақты мәліметтер айтылмады. Ол ақпарат ресми түрде расталмағандықтан, белгілі бер деңгейде күмән туды. "Времяның" тілшісіне белгілі болғандай, Асқар Есілов шынымен де 20 қаңтарда тергеу изоляторына қамалған, бірақ ол, әдеттегідей, қылмыс үстінде ұсталмаған. Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері оның ізіне түскеніне бір айдың жүзі болыпты, олар шенеунікті жүйелі түрде пара алады деп күдікке алып, сыртынан бақылаған.

Белгілі болғандай, ақша мен қымбат сыйлықтарды Есіловке оның туысы – Нұртазин деген адам берген. Өткен жылдың 18 қарашасында ол аудан әкіміне 4 миллион теңге мен құны жарты миллион болатын жаңадан шыққан "Айфон-11"-ді сыйға тартқан.

Бұл ақша, тергеудің болжамы бойынша, тендердегі ұтыстың сыйақысы болып табылады. Атап айтсақ, Нұртазинмен байланысты компания 72 миллион теңгеге жалпы аумақты абаттандыруға тапсырыс алған.

Шенеуніктің кінәсін Есілов пен Нұртазиннің телефондағы әңгімелерінің жазбасы, сондай-ақ әкімнің үйінен тінту кезінде табылған iPhone растайды. Тауардың кепіл құжатында "Сатып алушы" деген бағанда Нұртазиннің тегі көрсетілген. Сондай-ақ, қымбат модель сатып алынған Есіл сауда үйінің ұялы телефондарының сатушысы да Нұртазинді танып, бұл фактіні растап отыр. Шенеуніктің туысының аудан әкімдігімен өзара байланыс фактісі барын осы жағдайда қатысты сұрақ-жауап алынған мемлекеттік орган қызметкерлері де растады.

Асқар Есілов Қылмыстық кодекстің 366-бабы, яғни "Пара алу" бойынша күдікті ретінде танылды, ал оның туысы Нұртазин Қылмыстық кодексінің 367-бабының 2-бөлігі бойынша "пара берді" деп айыпталуда.


Источник: zakon.kz

Пікір