Нұр-Сұлтанда тағы ереуіл: жүзден астам краншы жұмысын тоқтатты

11:27, 2 наурыз 2021
321

© Сурет: Orken Zhoyamergen (RFE/RL)

1 наурызда Нұр-Сұлтанда жүзден астам краншы жалақы өсіру туралы талабының орындалмағанын айтып, жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.

Бұл ақпаратты хабарлаған жергілікті белсенді Сәуле Сейдахметованың ақпаратына қарағанда, қаладағы шамамен 300-ге тарта краншының жартысынан астамы жұмыс басында болса да, жұмыс істеуден бас тартқан.

Наразылардың бірі Жанбота Үсенова есімді жұмысшы Азаттыққа жұмыс беруші компанияның осыған дейін жіберілген талаптарға не "иә", не "жоқ" деп жауап бермегенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазір өзімен бірге бір нысанда бірге жұмыс істейтін 5 краншы жалақыны 500 мыңға дейін өсіруді талап етіп отыр. "Қазір бізге сағатына 1250 теңгеден төлейді, біз оны 2 мыңға дейін өсірсін деп отырмыз. Бұған қоса, еңбек жағдайын жақсартуды талап етеміз" дейді ол.

- Біздің жұмысымыз қауіп-қатерге толы. Мысалы, әрбір кранның жеке журналы бар. Біздің тек бір кранға ғана шығуға құқығымыз бар. Сол техникаға, сол кранның астында жүрген адамдарға ғана жауап береміз. Бір кранға қол қоясың. Бірақ краншыларға "сенің жұмысың аз, ана кранға шық" деп жиі айтады. Бірақ ол кранның журналына қол қойғызбайды. Егер қол қойғызса, оған жеке төлеуі керек. Осылайша краншыларды үнемдейді. Одан кейін ғимарат өскен сайын крандар да өсе береді. Тайғанақ. Түнде техника қауіпсіздігі мүлде жоқ. Ешкім жауап бермейді. Түнде бірдеңе болса, жұмысшыларды қинап шығарып жүрген прораб "мен айтқан жоқпын, өзі шыққан ғой" дей салады, бітті, - дейді Жанбота Үсенова.

27 ақпанда әртүрлі құрылыс компанияларында жұмыс істейтін мұнаралы кран операторлары еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен арыздарын еңбек министрлігіне тапсырған.

Арыз иелері биліктен:

еңбекақыны 800 мың теңгеге дейін ұлғайтуды;
жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек келісім-шарты жасалуын;
өндірісте еңбек қауіпсіздігін, кран операторларын қауіпсіздік құралдары және жұмыс киімімен қамтамасыз етуді;
күніне 8 сағаттан, аптасына 40 сағаттан аспайтын жұмыс тәртібін белгілеуді және артық жұмыс істегені үшін екі есе еңбекақы төлеуді;
кранда жұмыс істеу қауіпті саналатындақтан еңбекақыға 1,5 коэффициент қосуды;
заңға ерлер 60 жастан, әйелдер 55 жастан зейнет демалысына шығатындай етіп өзгеріс енгізуді талап еткен.

Бірақ наразылар биліктің жауабына қанағаттанбаған.

Нұр-Сұлтанда 12 ақпаннан бері әртүрлі компанияда кранда жұмыс істейтін азаматтар еңбек жағдайына байланысты наразылығын білдіріп жүр. Олардың талабы жазылған видеолар әлеуметтік желілерде жарияланды. Кейін бірнеше адамның жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат тараған.

Сәуле Сейдахметова мен Жанбота Үсенованың айтуынша, Нұр-Сұлтанда кейбір компаниялар жұмысшылардың жалақысын орындағаннан кейін ондағы краншылар жұмысын жалғастырып жатыр.

Нұр-Сұлтандағы кран операторларының талабын Ақтау, Ақтөбе, Шымкент пен Түркістан қалаларындағы құрылыс компанияларында істейтін әріптестері қолдаған.

Жыл басталғалы бері Қазақстанның әр аймағында еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көбейтуді талап еткен жұмысшылар наразылығы жиіледі.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!