Нұр-Сұлтанда дәрілердің сапасын тексеретін зерттеу орталығы ашылды

15:31, 9 желтоқсан 2019

Ұлттық сараптау орталығы медициналық препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды "Хабар 24".

Елордада Назарбаев универститетінің жанынан зертханалық сынақ орталығы ашылды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, орталықтың ашылуы елімізге контрафактілік және жалған медициналық бұйымдарды әкелудің жолын кесіп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылауға мүмкіндік береді.

Орталық физика-химиялық, микробиологиялық және медициналық бұйымдарды зерттеу сияқты 3 зертханадан тұрады. Онда жылына 7 мыңға жуық зерттеу жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бастысы, онда Еуразиялық экономикалық кеңістік аумағында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи зертхана жұмысы жолға қойылады. Қазіргі уақытта еліміз бойынша дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарға зерттеу жүргізетін тағы 6 зертхана бар.

Елжан Біртанов, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Қажет қаржы бөліп, соңғы үлгідегі стандарттар мен қауіпсіздігін тексеру бойынша қажетті құрылғы бар. Енді халықаралық аккредитациядан өту қалды. Тек қана кедендік қоймаға келгені емес, кейбір жағдайда дәріханаға барып, тексеру мүмкіндігі болады.

Гауһар Серғалиқызы, зертханалық сынақ орталығының қызметкері:

– Қазақстанға кірген кез келген дәрі дәріханаларға түсуі үшін тіркеледі. Ал тіркеуден өтуі үшін бірнеше кезеңдік тексерістен өтеді. Кез келген дәрі зертханалық сынақтардан өтеді. Осыдан кейін ғана дәріханаларға түседі.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!