Мұғалімдер 30 жыл өтілден кейін пенсияға шыға ма – Шәмшидинова не деді

12:16, 15 сәуір 2019

"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы биыл тамыз айында парламент депутаттарының қарауына енгізіледі. Бұл туралы бүгін үкіметтегі баспасөз жиынында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

- Бұл заң педагогтер арасында парламент мәжілісінің депутаттарының қатысуымен өте мұқият талқыланғанын білесіздер. Көп ескерту болды, сол себепті заң жобасы тағы бір рет қайта қаралып, енді тамыз айына таман оны парламент мәжілісі депутаттарының қарауына енгіземіз, – деді ол.

Министр сондай-ақ, мұғалімдерді 30 жылдық еңбек өтілінен кейін зейнетке шығару туралы да айта кетті.

– Зейнетақы жасына келсек, бұл сұрақтар елдің зейнетақы туралы заңдары аясында қаралуда. Мұғалімдер азаматтық қызметкерлер санатына жатады, сондықтан бұл мәселені бәрімен бірлесе қарастырамыз. Зейнетақы жөніндегі мәселені біз басқа жағынан көтеріп отырмыз: егер адам педагогикалық ЖОО бітіріп, бірден мектепке жұмыс істеуге келсе, мектепте үзіліссіз еңбек етсе, онда зейнетке шығарда оның педагогикалық ЖОО-да білім алған уақытын жалпы стажға қосып санауды ұсынып отырмыз. Мұның бәрі қазір талқыланып, орталық мемлекеттік органдармен мақұлдатылуда, – деді Шәмшидинова.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!