МҚІА төрағасы толыққанды HR институтын қалыптастырудың негізгі тәсілдерін таныстырды

15:16, 9 желтоқсан 2022
145

Астана. 9 желтоқсан. 7kun.kz – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» адами ресурстар форумында толыққанды адами ресурстар институтын қалыптастырудың негізгі тәсілдерін назарға ұсынды. Бұл туралы ҚР МҚІА баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырудың келесі шарттарының бірі – персоналды стратегиялық басқаруға көшу үшін кадр кызметтерінің кәсібилігін жоғарылату. Ол көптеген дамыған елдерде кеңінен қолданылатын кадрлық қажеттілікті болжау, корпоративтік мәдениетті басқару, таланттарды басқару және т.б. стратегиялық құралдарды қолдануға мүмкіндік береді», – деді МҚІА төрағасы.

Агенттікті толыққанды HR институты етіп қалыптастыру мақсатындағы әзірленген тәсілдер –  HR стратегиясын дайындау және іске асыру, мемлекеттік органдардың қызметіне функционалдық талдау жүргізу,  кадр қызметтерін сертификаттау, олардың функционалы мен жұмыс форматын өзгерту, таланттарды іздеу, мемлекеттік қызметшілердің корпоративтік мәдениеті және т.б. бағыттарын қамтиды.

Бүгінгі күні ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын қоса алғанда Қазақстанда 15 жоғары оқу орны HR саласы бойынша мамандар даярлайды. Соның ішінде бакалавр деңгейінде – 8, магистратура деңгейінде – 10 білім беру бағдарламалары бар.

МҚІА басшысының айтуынша, Агенттікті толыққанды стратегиялық HR институтқа айналдыру мақсатында Академияның жоғары әлеуеті ескеріліп, ол келешекте адами ресурстарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру бойынша ғылыми-зерттеу орталығы болмақ.

«Академияда персоналды басқару қызметтерінің өкілдері үшін тиісті оқыту курстары өткізіліп, олар сертификатталатын болады. Жоспарланған курстар болашақта HR-қызметтерін түрлендіріп, жоғары әлеуеті мен сұранысқа ие құзыреттілігі бар таланттар – HR кәсіпқойлар пулын құруға мүмкіндік береді.

Жалпы мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер адам ресурстарын тиімді пайдалану арқылы кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырып, қоғамның талаптарын қанағаттандыру мен халықтың  әл-ауқатын арттыруға бағытталған», – деп атап өтті Дархан Жазықбаев.

Атап өту керек, 9 желтоқсанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумы өтті. Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, HR саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар, Түркия, Оңтүстік Корея, БАЭ, Мажарстан, Әзірбайжан және де Орталық Азия елдерінің делегаттары қатысты.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!