Мәжілістің кезекті жалпы отырысы өтіп, бірқатар заң жобалары мақұлданды

14:01, 14 наурыз 2018
417

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата ішкі істер органдарының қызметін жетілдіруге қатысты түзетулерді бірінші оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аталған заң жобасы бойынша Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасап, құжат аясында аумақтық ішкі істер департаменттері мен жергілікті полиция қызметін құрылатын департаменттерді Ішкі істер министрлігіне бағындыра отырып, полиция департаменттеріне біріктіру жолымен полиция жүйесін жаңғырту көзделіп отырғанын атап өтті. Сонымен бірге, әкімдерге полиция департаменттерінің алдына қазіргі кезде жергілікті полиция қызметінің құзыретіне жататын міндеттерін қою құқығы берілмек.

Айта кетерлігі, заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырыстарында депутаттар жергілікті полиция қызметінің жұмысына, полиция қызметінің айқындығын арттыруға, адамдарды арнаулы үй-жайларда ұстаудың тәртібіне байланысты ұсыныстар енгізді.

Сондай-ақ, осы күні Палата ТМД қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі келісімге байланысты ратификациялық заң жобасын мақұлдады.

Аталған келісім ақпаратты трансшекаралық беруді ұйымдастыру, әлеуетті және нақты қауіп-қатерлерден ақпараттық жүйелер мен ресурстарды қорғау технологиясын жетілдіру, ақпаратты қорғау құралдарын сертификаттаудың және сертификаттау нәтижелерін өзара танудың келісілген тәртібін белгілеу бағытындағы ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді.

Халық қалаулылары жалпы отырыста архив ісі жөніндегі түзетулерге де қолдау білдірді.

Бұл күні Мәжіліс АҚШ пен мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты, сонымен бірге, Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) арасындағы ФАО-ның біздің елдегі Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы, сондай-ақ, Қытаймен Қорғас өзенінде «Шүкірбұлақ (Алмалы)» бірлескен сел ұстайтын бөгетін салудағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдерді және 2009 жылғы 17 қарашадағы Ресеймен «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобаларын жұмысқа қабылдады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!