Мәжіліс депутаты айлық есептік көрсеткіштен бас тартуды ұсынды

12:07, 5 желтоқсан 2022

Астана. 5 желтоқсан. 7kun.kz – Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова әлеуметтік төлемдерді ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе ең төменгі жалақы бойынша есептеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Депутат мәжіліс отырысында айлық есептік көрсеткіш өлшемін қолданудан бас тартуды ұсынды.

«Тәуелсіздік қарсаңында енгізілген айлық есептік көрсеткішті әлі пайдаланып келеміз. Иә, бұл жоспарлауға ыңғайлы шығар. Бірақ, АЕК-тің экономикамен де, жалақымен де еш байланысы жоқ. Сондықтан алдағы уақытта әлеуметтік төлемдерді бір көрсеткіш: не ең төменгі күнкөріс деңгейі, не ең төменгі жалақы бойынша аудару керек деп санаймыз», – деді ол.

Сондай-ақ депутат әлеуметтік параметрлерді анықтау әдістерінің жоқ екенін де атап өтті.

«Ең төменгі күнкөріс деңгейі шындықтан алыс. Осы жылдың 10 айы ішінде азық-түлік инфляциясы 20%-ке жетіп қалды. Яғни зейнетақы мен жәрдемақыларды есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі азаматтарды лайықты әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету мүмкіндігін бермейді»,  – деді мәжілісмен.

Депутат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрлігіне күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін жетілдіру жұмысын бастауды ұсынды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!