Мәжіліс депутаттары БҚО-сы Бөрлі ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралады

14:33, 17 шілде 2018

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Снежана Имашева мен Евгений Козлов Бөрлі ауданына болып, халықтың қамы үшін жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Салынып жатқан нысандарды бағамдап, «Конденсат» кәсіпорнынның жұмысымен танысты.

Ақсайдың солтүстік бөлігіндегі кішкентай бүлдіршіндер үшін бой көтерген бөбекжайдың салынуы, көптің арманы еді. Өңірдегі ірі кәсіпорын мен жергілікті биліктің бірлескен іс әрекеті нәтижелі болып, бөбекжай жақын күндері пайдалануға беріледі. Жалпы ауданда 3-6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылды. Дегенмен үш жасқа дейінгі 2 мыңнан астам бүлдіршін өз кезегін күтуде. Мектепке дейінгі жаңа мекеме 1 жас 3 айдан енді асқан бүлдіршіндерді қабылдайды. Аталған нысан пайдалануға берілсе өңірдегі бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі.Қазірдің өзінде жаңа бөбекжайға ұл - қызын бергісі келетін ата-ана көп. 240 орынға салынған бөбекжайда қосымша 70- тен аса тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Бөбекжай соңғы үлгімен жабдықталып, мультимедиялық, интерактивтік тақталармен, баланың ой өрісін дамытатын ойыншықтармен қамтылады. Аталған нысанның салынуына бас аяғы 614 миллион теңге қаражат жұмсалыпты.Он бір топқа арналған нысан ерекше жобамен салынған. Ғимаратты салған мердігер нысанға екі жылдық кепілдік барын айтады.

«Құрылысқа қажетті материалдар мен жиһаздардың барлығы отандық өнім. Барлығы да сапалы салынған. Ғимататтың ішкі жұмыстары аяқталды. Енді көгалдандыру жұмыстарын аяқтауға қалдық. Жалпы нысанның салынуына 120 адам қатысса, соның 80 пайызы жергілікті жердің тұрғындары. Өткен жылдың тамызында құрылысы басталған нысанды уақытылы аяқтадық» - деді, «Наурыз» ЖШС директоры Азамат Ғұбайдуллин.

Балабақшаның құрылысымен, бөбектерге жасалған жағдаймен танысқан халық қалаулылары, Бөрлі ауылында бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыстарын тексерді. Аталмыш нысандар ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі. Сауықтыру кешенінде бокс, ауыр атлетика, ойын залдары болады. Одан өзге бұқаралақ спортты дамыту үшін аудан әкімдігі кешен жанынан хоккей мен футбол алаңдары салынады деп жоспарлап отыр.

Жалпы, Бөрлі ауылының гүлденуіне көп жұмыс жасалды. 4200 халқы бар ауылға тек өткен жылдың өзінде 5 миллиард қаражат құйылды. Бұл осы ауыл тұрғындарының жақсы өмір сүруі үшін жасалынған жұмыс.Былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауыз су кіргізілді. Ауылдық Мәдениет үйі күрделі жөндеу көрді. Бүгінде ауылдың басты көшесі тақтайдай тегістелуде.

Депутаттар өңірдегі ірі кәсіпорын «Конденсат» АҚ ның жұмысын көрді.

Құрамына дизель отыны компоненттерін гидротазарту қондырғысы кіретін К5 экологиялық класты дизель отыны жобасы іске қосқан кәсіпорынның шикізатты сараптау жұмысындада артықшылық көп. Кеден одағының техникалық регламенттеріне және барлық мемлекеттік талаптарға сәйкес келетін зертхана жұмысымен танысқан меймандар, зертхананың мүмкіншілігін бағамдады. Экспорт және импорт шикізаты мен дайын өнімді тексеретін құрылғылар жапон, француз, ресей елдерінен әкелінген. 450-ден астам адам жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын еліміздің экономикасының дамуына зор үлес қосуда.

«Бөрлі ауданына жасаған сапарымыздан ел игілігіне атқарылған жұмыстардың нәтижелі екендігін көрдік. Мені және менің әріптестерімді еліміздің жылдан жылға экономикасы дамып, халықтың күнкөріс деңгейінің жақсарып келе жатқандығы қуантты. Мәселен осыдан бес жыл бұрын біз сайлаушылармен кездескенде ауыз су, көгілдір отын, жол, балабақша мен жұмыссыздық мәселесі өзекті еді. Бүгінде бұл мәселе түбегейлі шешілді. Жалпы тұрғындар бізден бүгінде денешынықтыру сауықтыру кешені, бассейн, мәдениет үйін салып беруді сұрайды. Бұл да еліміздің дамып, халық тұрмысының жақсарғандығы деп білеміз» деді, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Снежана Имашева. Халық қалаулылары моноқаладағы өткен жылы атқарылған жарқын істерге оң бағаларын берді. Қойнауы қазынаға толы Бөрлі ауданының дамуы үшін атқарылған жұмыстың барлығы елдегі тұрақтылықтың арқасында, деді депутатар. Сонымен қатар, мәжілісмендер еліміздің дамуы үшін бірлесіп жасар жұмыс көп екендін ескертті.

Айым Нұрғалиева.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!