Мемлекеттік аудит «ҚТЖ» АҚ ұлттық компаниясынан біраз былық тапты

21:24, 9 тамыз 2020
263

Есеп комитеті "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ мен оның еншілес ұйымдарында жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды zakon.kz.

"ҚТЖ" ҰК" АҚ жаңа темір жол желілерін салуға және елдің транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған 9 ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қатысқан, бұл өңірлерді бір-біріменбайланыстыруды қамтамасыз етуге және жүктердің тауар айналымын арттыруға мүмкіндік берді, ол 2010 жылғы деңгейге қарағанда 1,5 есе және 2003 жылғы деңгейге қарағанда 2 есе ұлғайды.

Бұл ретте, аудит нәтижелері арнайы құрылған, штатында 71 бірлігі бар Бизнесті трансформациялау орталығы "Цифрлық трансформация" бағдарламасының жобаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етпегенін көрсетті, онда бағдарламаны жоспарлау мен орындау сапасының төмен екендігі байқалады.

Жолаушылар тасымалын мемлекеттік субсидиялауға қарамастан, "Жолаушылар тасымалы" АҚ-да теріс қаржылық нәтиже орын алып отыр. Пікіртерім нәтижелері жолаушылар тасымалдары қызметтеріне халықтың қанағаттанбайтынын айғақтайды. Жолаушылар вагондарының едәуір бөлігі ескірген және қауіпсіздік пен жайлылықтың қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келмейді. Мысалы, жолаушылар вагондарының жалпы тозуы 28%-ті құрайды, оның ішінде 20 жылдан артық қолданылып жүрген жолаушылар вагондарының тозуы 55%-ті құрайды.

Сатып алушылардың сұранысқа ие бағыттар бойынша жол жүру билеттерін жаппай сатып алуы жасанды тапшылықты және билет бағасының негізсіз көтерілуін тудырады. Аталған фактілер жүйелік сипатқа ие, бұл "Жолаушылар тасымалы" АҚ тарапынан оларды жою бойынша тиімді шаралардың жоқ екендігін көрсетеді.

Соңғы 5 жылда "ҚТЖ "ҰК" АҚ-да пайданың төмендеуі және негізгі қызметтен шығын алу үрдісі байқалуда, оның жалпы сомасы 616,8 млрд теңгені құрады. Мәселен, "ҚТЖ "ҰК" АҚ қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындысы бойынша 2015 жылы шығын – 460,0 млрд теңгені, 2018 жылы – 86,5 млрд теңгені және 2019 жылы – 70,3 млрд теңгені құрады.

2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тартылған қарыздар бойынша "ҚТЖ" ҰК" АҚ міндеттемелерінің көлемі 1 486,1 млрд теңгені құрады, бұл 2010 жылғы көлемнен (304,1 млрд теңге) 5 есе жоғары. 2015-2018 жылдары төленген дивидендтер сомасы (1,7 млрд теңге) 2010-2014 жылдары төленген дивидендтерден (84,3 млрд теңге) 50 есе аз болды.

Өнім шығару бойынша пайдалануға енгізілмеген өндірістік қуаттардың, темір жол қызметтеріне арналған тарифтердің тиісінше мемлекеттік реттелмеуінің, баланста тұрған активтердің құнсыздануы мен иеліктен шығарудың, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді уақтылы жеткізбеудің нәтижесінде жіберіп алынған пайда мен экономикалық шығындар фактілері орын алуда.

Есеп комитеті отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке "ҚТЖ "ҰК" АҚ-ның шығынды қызметіне назар аудару, жалпыұлттық мақсаттарды ескере отырып, Ұлттық компанияның Даму стратегиясын қайта қарау ұсынылды. Мүдделі министрліктер мен ведомстволарға анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау, бюджет және өзге де заңнама талаптарын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау тапсырылды.

Бірқатар материалдарды процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберу жоспарланып отыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!