Мәдениет және спорт саласы қызметкерлері «Болашақпен» тағлымдамадан өте алады

15:54, 30 шілде 2021

© Сурет: 24kz

"Болашақ" бағдарламасы қазақстандықтардың тағылымдамасы үшін cанаттар тізімін кеңейтеді. Енді мәдениет және спорт саласының қызметкерлері шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында (мысалы, New York Film Academy, University of the Arts London, Scuola Musicale di Milano және т.б.) тағылымдамадан өте алады, деп хабарлайды zakon.kz.

ҚР БҒМ мәліметі бойынша, әртістер, режиссерлер, суретшілер, өнертанушылар бір жыл бойы "Арт-менеджмент", "Дизайн. Сурет", "Дирижерлеу", "Өнертану", "Сценография" және тағы да басқа мамандықтар бойынша оқи алады. Дене шынықтыру және спорт саласының мамандары "Спорттық психология", "Спорттық медицина", "Спорттық құқық" сияқты бағыттар бойынша біліктіліктерін арттыра алады.

Бұрын мәдениет және спорт саласының қызметкерлері «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтпеген. Елімізде осы салалардың дамуын қолдау мақсатында қажетті жұмыстар жасалды. Енді мәдениет және спорт мамандарында әлемнің беделді шетелдік жоғары оқу орындары мен ұйымдарында өздерінің кәсіби деңгейін арттыру мүмкіндігі бар. Критерийлерге келетін болсақ, үміткерлердің кемінде үш жыл жалпы жұмыс өтілі, оның ішінде соңғы 12 ай таңдаған мамандығы бойынша жұмыс өтілі болуы тиіс. Сондай-ақ қабылдаушы шетелдік ұйымнан шақыртудың, В1 деңгейінен кем емес нәтижесі бар тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификаттың болуы міндетті, – деп атап өтті ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығы президентінің міндетін атарушы Данияр Мұқитанов.

Стипендиаттар тағылымдамадан өту үшін кепілге жылжымайтын мүлік қоймайды. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін соңғы 12 ай ішінде тұрақты табысы бар 50 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары болып табылатын екі кепілгерді ұсыну жеткілікті. 2021 жылы денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласының қызметкерлері, педагогтер, мемлекеттік қызметкерлер, инженер-техниктердің тағылымдамадан өтуі үшін 110 "Болашақ" стипендиясы бөлінген.

Айта кетсек, халықаралық стипендияны тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 4 мамырда басталып, 28 қазанға дейін жалғасады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!