Мәдениет министрі Несіпбек Айтұлына Мемлекет басшысының құттықтау хатын табыстады

17:58, 22 қыркүйек 2020

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлын 70 жасқа толуымен құттықтады. Президенттің құттықтау хатын мерейтой иесіне Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова табыстады, деп хабарлайды zakon.kz.

"Сіз поэзия əлемінде өзіндік орны бар, егемен еліміздің жарқын жетістіктерін жыр жолдарымен өрнектеген, талғамы биік оқырманның жоғары бағасын алған ақын, сара сөздің шебері ретінде құрметке бөленіп отырсыз. Қазіргідей сын сағатта халқымызды сабырлы, ынтымақты болуға шақырып, азаматтық үн қосқан пайымды ой-пікірлеріңіз жұртшылықтың көңілінен шығуда. Қазақ əдебиетінің дамуына қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге алғысымды білдіріп, мерейтойыңызбен құттықтаймын! Өзіңізге зор денсаулық, шығармашылық табыс жəне əулетіңізге құт-береке тілеймін", – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова Несіпбек Айтұлын Министрлік атынан да құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Өз кезегінде Несіпбек Айтұлы Мемлекет басшысына алғысын айтып, сындарлы кезеңді біртұтас халық болып бірге еңсеретінімізге сенім білдірді.

Айта кетейік, Несіпбек Айтұлы белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011), "Парасат" орденінің иегері (2004).


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!