Маңғыстауда 5 мемқызметші теріс қылығы үшін жұмыстан қуылған

15:26, 11 қазан 2018
420

Өңірде жиналатын салыққа қатысты меже орындалған жоқ. Бұған осы сала қызметкерлерінің салғырттығы себеп болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сондықтан, мемлекеттік кірістер департаментіндегі мамандардың функционалдық міндеттерін қайта қарау керек. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов осылай деді.

Мәселен, департамент штатында 643 мемлекеттік қызметкер бар. Оның ішінде 145-і құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жазаға тартылған.

Тағы 3-уіне қатысты сыбайлас жемқорлық дерегімен іс қозғалған.

«Халықтан келіп жатқан арыздар жайдан-жәй емес. Міндеттердің нақты анықталмауы - үлкен мәселе. Сондықтан осы департамент қызметкерлерінің немен айналысатынын, функционалдық қызметтерін ерінбей қарап шықтым. Жалпы, мұнда штатта және штаттан тыс 700-ден астам адам жұмыс істейді екен»,-деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Аймақ басшысының айтуынша, әр басқармадағы басшы мен бас маман және жетекші маман - бәрі бірдей міндетті атқарады.

«Мәселен, тәуекелдерді талдау басқармасы басшысының қызметін алып қарайық. Функционалдық міндеттерінің осы басқармадағы тәуекелдер бөлімінің басшысынан еш айырмашылығы жоқ. Бірдей. Кім жауап береді? Бас мамандыкі де бірдей. 3 адам бірдей іспен, бірдей мәселемен айналыса ма?»,-деп таңданысын білдірді облыс әкімі.

Тіпті әртүрлі басқарма бас мамандарының қызметтері де бірдей болып шықты.

«Мемлекеттік кірістерді талдау бөлімінің бас маманы мен салық әкімшілігін талдау бөлімі басшысының міндеттері бірдей. Әртүрлі бөлім. Бірақ бір функционалды қызмет жазылған. Біреуін ғана оқып берейін, «селекторлы жедел кеңес отырыстардың материалын әзірлеу» деп жазылған. Бұдан басқа да маңызды міндеттер көп қой»,-деді әкім.

Облыс бойынша салық түсімі толық орындалмай отыр. Сондықтан, аймақ басшысы бұған қызметкерлердің нақты міндеті жоқтығы, олардың жұмысына салғырттығы бір себеп дей келе, мамандардың функционалдық міндеттерін қайта қарауды облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Әсел Балманова мен ҚР МҚІСЖҚІ агенттігінің МО бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназароваға тапсырды.

Ал, өз кезегінде Нұргүл Жанназарова аталған департамент мамандарының кемшілікке жиі жол беретінін атап өтті.

«2018 жылы 5 қызметкер теріс қылығы үшін жұмысынан босатылды. Соңғы 2 жылда мемкірістер департаментінде 268 мемлекеттік қызметші жазаға тартылған. Оның ішінде 256-на тәртіптік жаза қолданылды. Бір айта кетерлігі, оның ішінде 109 адам - басшы лауазымындағы қызметкерлер»,-дейді.

Осы департаменттің мамандары ұсақ құқық бұзушылықтар мен әкімшілік құқық бұзушылықтар да жасаған. 9 маман көшеде жүру ережесін бұзып, көлікті масаң басқарғаны үшін және әлеуметтік желіге бейәдеп суреттер жүктегені үшін жауапқа тартылған.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!