Мамин: Отандық футбол клубтарында легионерлер санын азайту мәселесі қаралады

16:25, 15 наурыз 2019

Отандық футбол клубтарында легионерлер санын азайту мәселесі қаралады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин атап өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Шетелдік футболшыларды кәсіби клубтарға тарту кең таралған әлемдік тәжірибе. Шетелдік футболшылар өз елдері футболының элементтерін алып келіп қазақстандық футболды жетілдіре түседі, ол қазақстандық футболшыларға әлемдік тәжірибеден тек жақсысын алуға мүмкіндік береді. Мәселен, Голландия және Италияда легионерлерге шектеу жоқ. Францияда тек 4 қана легионер шақыра алады. Қазақстандық Премьер-Лигада әр клуб маусымға 8 шетелдік ойыншы тіркей алады, алаңда бір уақытта 6 ғана ойыншы бола алады. Ресейде де легионерлер саны бойынша тәжірибе осындай", - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының атап өтуінше, шетелдік ойыншыларға қолданыстағы лимит қазақстандық ойыншыларға қажетті тәжірибені қамтамасыз етуге және Еуропада жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Келешегі бар отандық жастарды тарту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі отандық футбол клубтарында легионерлер санын азайту мәселесін қарайтын болады.

"Жоғарыда аталғандай, Қазақстанда бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға жағдай жасалуда. Айталық, Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарында футбол алаңдары (манеждер) желісін дамыту бойынша шаралар белгіленген. Футболды дамыту бөлігінде көрсетілген іс-шаралар жоспарын іске асырудың оң тәжірибесін ескере отырып, спартакиадаларды, футболдан студенттік және мектептік лигаларды өткізу жалғасатын болады", - деді ол.

А.Мамин Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауы аясында жас футболшыларды дайындау, сондай-ақ спорттық нысандар мен футбол алаңдарын салу мақсатында мұқтаж елді мекендерде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын да атап өткен.

"Сонымен қатар қолданыстағы спорттық инфрақұрылымды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша шаралар кешені, спорттық кешендер мен құралдардың балалар үшін қолжетімдігін қамтамасыз ету бойынша жаңа тәсілдер әзірленді", - деді Премьер-министр.

Айта кетейік, 23 қаңтарда Мәжілістің бір топ депутаты сол кездегі Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына ресми сауал жолдап, шетелдік легионерлерді тарту тәжірибесін реттеуге және үнемделген қаражатты спорт мектептерінде, секцияларда, оның ішінде ауылдық жерлерде жас футболшыларды даярлауға, сондай-ақ спорт нысандары мен футбол алаңдарын салуға бағыттауға ұсыныс жасаған болатын.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!