Малы ұрланып ашынғандар кінәлілерді өздері жазалап жатыр - Бектас Бекназаров

16:45, 2 қараша 2018
408

Ауыл тұрғындары мал ұрлығы бойынша мемлекеттік органдардың қызметкерлері қауқарсыз екенін, ал мал ұрлаушылар еркіндікте тайраңдап жүргенін айтып шағымданады. Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстел барысында Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мал ұрлығы бойынша қылмыстық істердің 90 пайызы заңнамалық тұрғыда ауырлығы орташа қылмыстардың санатына жатады. Ақыры, тараптар татуласады да, айыпкер жазадан құтылып кетеді. Статистика бойынша, қылмыстық істердің 25 пайызы тараптардың татуласуымен аяқталып, тек 14 пайызы ғана сотта қаралады. Өзіміз білетіндей, егер адам қылмысына қарай лайықты жазасын алмаса, әлбетте, жазаланбайтынын біліп, одан да ауыр қылмысқа баруы мүмкін», - дейді Бектас Бекназаров.

Сенат Төрағасы орынбасарының айтуына қарағанда, мал ұрлығына айыптылар татуласу арқылы жазадан құтылып кетеді.

«Әсіресе, шекаралас аудандардағы жағдай ушығып тұр. Ол жерлерде мал табынымен көрші елдерге айдалып кетуі мүмкін. Мал иелері мен шаруашылық иелерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен аудан әкімдіктерінің есепке тіркеу, табын шығармау, құжатқа тіркемеу секілді құқықтық базамен санаспауының ақыры амалсыз мал ұрлығының көбеюіне әкеледі», - дейді ол.

Бектас Бекназаров өз сөзінде ауыл тұрғындарымен жиі кездесетінін, олар көп жағдайда мал ұрлығына көп шағым айтатынын тілге тиек етті.

«Ауыл тұрғындары аталмыш мәселеде мемлекеттік органдардың қызметкерлері қауқарсыз екенін, ал мал ұрлаушылар еркіндікте тайраңдап жүргенін айтып шағымданады. Тіпті заңнан күдер үзген кейбірі кінәлілерді ұстап алып, өздері жазалап жатыр. Бұл заңның әлсіздігін көрсетеді. Мен қазіргі таңда мәжілісмендердің бір тобы қылмыстық кодекстің заңнамалық шаралары бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын білемін. Бұл мәселеге біз де араласып, оны терең талдауымыз керек», - деді Бектас Бекназаров.

Еске сала кетсек, аталмыш дөңгелек үстелде ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов елімізде жалпы ұрлық жағдайлары және мал ұрлаушылармен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтып берген болатын.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!