Липосакциядан өлген әйел: Хирург сот алдында жауап беріп жатыр

16:17, 12 қазан 2018

Алмалы аудандық сотында пластикалық отадан көз жұмған украиналық азаматшаның өліміне қатысты сот ісі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы жекеменшік емханалардың бірінде болған. Марқұм Дана Агамурадова БАӘ-нен пластикалық ота (липосакция) үшін Алматыға арнайы ұшып келген.

«Ол БАӘ-нен Алматыға 2016 жылдың 26 қаңтарында ұшып келді. Біріккен әмірліктерде косметикалық компанияда жұмыс істейтін. 29 қаңтар күні «Центр эстетики Ольги Рубас» клиникасымен хирургиялық операция жасауға келісті. Осы күні пластикалық хирург Писарев ота жасады. Операциядан кейін арада 6 сағат өткенде Дана Агамурадова қайтыс болды. Қылмыстық іс 2 жыл бойы жүргізіліп келеді», - деді зардап шегуші тараптың адвокаты Гүлмира Бұралхиева.

Адвокаттың айтуынша, қылмысты дәлелдеу үшін жүргізілген сараптамалар салдарынан іс екі жыл бойы созылып келді.

«Қазір отаны жасаған дәрігер айыпталып отыр. Ол кəсіби міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды», - деді адвокат.

Оның сөзінше, ота жасалған клиника директоры өз кінәсін мойындап, оған қарсы үкім шығарылған. Іс шектеулі мерзімге байланысты жабылды.

Сондай-ақ, зардап шеккен тарап материалдық және моральдық зардап үшін өтемақы сұрауға ниетті. Себебі, қаза тапқан азматшаның Ашхабадта жас қызы мен әжесі қалды. Дана Агамурадова Алматы облысы Іле ауданында жерленді, ал туыстары марқұмның денесін отанына қайтара алмаған.

«Клиника кешірім сұраған жоқ, тіпті Дана Агамурадованы жерлеуге материалдық көмек те көрсетпеген. Олар Агамурадованың операцияға төлеген 2 мың доллар қаржысын қайтармады. Осы уақыт ішінде олар марқұмның туыстарымен байланысуға тырыспаған», - дейді қорғаушы.

Осы іс бойынша пластикалық хирург Дмитрий Писаревке ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлімі бойынша айып тағылды.

Бүгінгі сот отырысына прокурор келмеген. Сондықтан, судья процесті кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Күдіктінің адвокаты БАҚ өкілдеріне түсініктеме беруден бас тартты.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!