Қызылордада 6800 оқушы автобуспен тегін қатынау құқығына ие болды

11:33, 22 тамыз 2019
374

Қызылорда қаласында әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы оқушылар жаңа оқу жылынан бастап қоғамдық көліктерде тегін жүреді, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда қаласында әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 6800 оқушы бар. Олар енді автобуспен тегін қатынайтын болды. Ол үшін жергілікті бюджеттен 68 млн 600 мың теңге қаржы бөлінді.

Игілікті бастама ел Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысымен бекітілген әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылардан шыққан білім алушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты жұмсау ережесі негізінде қолға алынып отыр.

"Мұндай санатқа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, мемлекеттік атаулы көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасының балалары жатқызылады. Сондай-ақ, оған жетім немесе ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған, бірақ отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар, білім беру ұйымының алқалы бас­қару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттары енгізілген", - деп мәлім етті Қызылорда облыстық білім басқармасы.

Мұндай қамқорлыққа ие болған оқушылар қай сыныпта оқитынына қарамастан оларға бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қоғамдық көлікте тегін жүру жеңілдігі беріледі. Бұл мақсатта құжат жинау мен рәсімдеу ісімен мектеп басшылығы айналысады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!