Қызылордада «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты облыстық еңбек форумы өтті

12:30, 5 қараша 2018

Қызылордада еңбек нарығына жоғары білікті мамандар даярлауда ақпараттық технологияларды қолдану мен дамытуға арналған «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты облыстық еңбек форумы өтті деп хабарлайды zakon.kz.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев форумда айтып өткендей, қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық дамудың сапалық сипаттамасы алдыңғы қатарға көтерілді. Жалпы ішкі өнім жоғары технологиялық өндірістердің – білім, денсаулық сақтау, ғылым және басқа да интеллектуалдық қызметтер есебінен артуы қажет.

«Сарапшылардың бағалауы бойынша Батыс Еуропа мемлекеттерінде жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда адами капиталдың үлесі - 30%, АҚШ-та - 40%, ал, ТМД елдерінде бар болғаны 10-15%-ды құрайды. Сондықтан, экономикалық өсім мен барлық игіліктердің негізгі драйвері адам, оның білімі мен дағдысы болуы қажет. Адам жетекші күшке айналуы керек - оның білімі, шеберлігі, тәжірибесі көп жағдайда табысты істің кепілі болып табылады. Нәтижесінде жоғары сапа мен экономикалық өсу қамтамасыз етіледі»,-деді аймақ басшысы.

Бұл ретте, адами капитал, ең алдымен, білім беру саласы арқылы қалыптасатын болғандықтан, бұл сала шығынға негізделген салалар сияқты болмауы керек. Керісінше, жаңа экономикалық жағдайда экономикалық өсімнің мүмкіндігін анықтайтын инвестициялық сала ретінде қарастырылуы қажет.

«Сондықтан да, 2014 жылдан бастап аймағымыздағы мектеп бітірген түлектерді Мәскеу мен Санкт-Петербургтің ең мықты техникалық жоғары оқу орындарына жіберіп жатырмыз. Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты негізінде оқып жатқан 452 білім алушылардың Мәскеудің болат және қорытпа институты мен Санкт-Петербургтің мемлекеттік өсімдік полимері технологиялық университетін биыл бітірген алғашқы 32 студенті оқуын аяқтап, елге оралса, 42 түлек магистратурада білімдерін жалғастыруда. Ресей жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс нәтижесінде биылғы оқу жылы тағы да 58 бала оқуға түсті»,-деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, жыл сайын аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды балалар облыс әкімінің білім беру гранты бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түсуде. Биылғы жылы гранттар саны 2 есеге - 100-ден 205-ке дейін артты, бұл ретте гранттардың 70%-ы IT-мамандықтарға бөлінген. Айта кетейік, қызылордалық мектеп бітірушілердің 97 % -ы осымен екі жыл қатарынан жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсіп отыр. Олардың 57 % - ы мемлекеттік білім гранты иегерлері. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 509-ға артты.

Білім беру саласының сапасындағы тағы бір маңызды көрсеткіші – болашақ мамандардың сұранысқа ие болуы, олардың таңдаған қызмет саласында жұмыс істеуге деген ниеті. Осы мәселелерді шешу мақсатында облыс экономикасына қажетті кадрлардың ұзақ мерзімдік болжамын анықтай отырып, 2015 жылы аймақтық еңбек ресурстары балансы дайындалды. Бұл, өз кезегінде аймаққа қажетті мамандарды дайындауға мемлекеттік тапсырысты анықтауға ықпал етері анық. Бітірушілердің жұмысқа орналасуына қиындық тудырмау үшін осы еңбек ресурсы балансы мектептегі кәсіби бағдарлы даярлықтың негізі болуы тиіс.

Форумның қатысушылары облыста бейінді оқытуды ұйымдастыру бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті, дарынды жастардың өндіріске енгізілетін шығармашылық жобаларымен танысты.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!