ҚызПУ мамандары балаларға психологиялық кеңес берді

17:22, 1 маусым 2020

Балаларды қорғаудың халықаралық күні қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің "Жан шуағы" психологиялық орталығының мамандары Алматы қаласындағы балабақша тәрбиеленушілерімен психологиялық тренинг пен вебинар өткізді.

Бұл туралы оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі хабарлады.

Онлайн форматта ұйымдастырылған шараны Қыздар университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова ашып, бұл атаулы дата елдің болашағы саналатын өскелең ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне аға буын жауапты екенін еске салатын күн екенін атап өтті.

– Құрметті достар! Баршаңызды бүгінгі балаларды қорғаудың халықаралық күнімен құттықтаймын! Алаштың айтулы ақыны Мағжан Жұмабаев "Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!" деп кейінгі толқынға үлкен үміт артқан. Расында да мемлекеттің келешекте қандай болмағы жаңа буынға тікелей байланысты екендігі рас. Олардың дені сау, білімді де білікті, зияткерлік әлеуеті жоғары болуы үлкен маңызға ие. Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен оқу орындары осы тарапта жүйелі жұмыс істеп жатыр. Атаулы күнге орай ұйымдастырылып отырған бүгінгі психологиялық шара да осының бір көрінісі іспеттес, – деді Жаңагүл Сұлтанова.

Вебинар барысында "Жан шуағы" психологиялық орталығының мамандары "Дәмелі" балабақшасының қызметкерлері, тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналарына "Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру шаралары" тақырыбында түрлі жаттығулар жасап, ақыл-кеңестерімен бөлісті.

– Мәселен, "Мен күлгенді ұнатамын" ойын жаттығуы бүлдіршіндердің қайырымды, көңіл-күйінің жақсы болуына септеседі. Аталған ойын түрін күніне бірнеше рет қайталап көңіл-күйді көтеруге болады. Күлкі – мінез-құлықтың сиқырлы кілті. Адам күлгенде өз көңілінің күйін табады, денсаулығын жақсартады және айналасындағы адамдардың ахуалына да әсер етеді, – дейді психологиялық орталық директоры Күлмаш Елшібаева.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған шара соңында аталған балабақша директоры Гүлмира Сахыбаева сөз алып, осындай игілікті іске мұрындық болғаны үшін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымына алғысын білдірді. Сонымен қатар ол алдағы уақытта да оқу орнының психолог мамандарымен бірлесіп осы тақілеттес маңызды жиындарды тұрақты өткізіп тұруға ниетті екендігін жеткізді.

Айта кетейік, 1925 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен Балалардың денсаулығы мен бейбіт өмір сүруі туралы әлемдік конференцияда атаулы датаның негізі қаланды. Халықаралық балалар күнінің өзінің байрағы бар. Өсімді, үйлесімдікті, балғындық пен шұрайлылықты білдіретін жасыл түсті фонда көрсетілген Жердің айналасына қызыл, сары, көк және ақ стилизацияланған мүсіндер орналастырылған. Адамдардың бұл пішіні алуандылық пен төзімділікті білдіреді. Ортаға орналастырылған Жердің белгісі – ортақ үйіміздің символы.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!