Қытай Қазақстанмен шекарадағы өткізу бекеттерін уақытша жабады

08:00, 13 желтоқсан 2024

© Сурет: gov.kz

Қытай Қазақстанмен арадағы автомобиль өткізу бекеттерін уақытша жауып жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті ескертті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде тасымалдаушылар мен басқа да мүдделі тараптарды қысқы кезеңдегі ауа райы жағдайлары мен автожолдардағы қозғалыс шектеулерін ескеруге шақырды.

"Әдетте қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты, әсіресе Қазақстан-Қытай шекарасында, автомобиль өткізу пункттерінің өткізу мүмкіндігі төмендеуі мүмкін. Бұл өңірде төмен температура мен қатты желге байланысты Қытай тарапының белсенділігі азаюы ықтимал". Мемлекеттік кірістер комитеті

Сонымен қатар Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге сәйкес, екі елдің мерекелік күндерінде өткізу пункттерінің жұмысы уақытша тоқтатылады.

Жақын арада Қазақстанның Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты 2024 жылғы 16-17 желтоқсан аралығында Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын және жүктерді өткізу жүзеге асырылмайды.

Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.

Осыған байланысты, Комитет тасымалдаушыларға маршруттарды алдын ала түзетіп, өткізу пункттері жұмысының кестесіндегі ықтимал өзгерістерді ескеруді ұсынады.

"Комитет өткізу пункттері жұмысының өзгеруіне жедел ден қою және тасымалдаушыларды уақытылы хабардар ету үшін көрші елдердің құзырлы органдарымен белсенді ынтымақтастық жасап жатыр. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз", - делінген хабарламада.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!