Қырғызстанға көмек көрсету үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз - Тоқаев

17:12, 30 қазан 2020

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевты қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы өзара іс-қимылдардың деңгейін жоғары бағалады.

– Қазақстан мен Қырғызстан ең жақын мемлекеттер. Бізді бөліп тұрған ештеңе жоқ, керісінше елдерімізді біріктіруші факторлар өте көп. Қазақстан үшін Қырғызстан – сенімді одақтас, маңызды стратегиялық серіктес және бауырлас ел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қырғызстанда болып жатқан оқиғаларды Қазақстанның мұқият бақылап отырғанын, оны қырғыз елінің ішкі мәселесі деп қарайтынын атап өтті.

– Бауырлас қырғыз елінің болашағына алаңдаймыз. Сондықтан Қырғызстанға көмек көрсету үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Бұған дейінгі келісімдер негізінде екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Руслан Қазақбаев өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа қабылдағаны және Қырғызстандағы күрделі кезеңде қолдау білдіргені, коронавирус пандемиясы кезінде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.

– Менің сапарымның басты мақсаты – елімізде болып жатқан ішкі саяси өзгерістерге қарамастан бауырлас қазақ еліне қатысты сыртқы саяси бағдарымыздың өзгермейтінін айқындау. Қырғыз Республикасы бауырлас қазақ елімен арадағы жақсы қарым-қатынастарды қашан да құрмет тұтады және солай қала береді. Еліміздің жаңа басшылығы бауырлас екі елдің түпкі мүдделеріне сай келетін барлық бағыттар бойынша қырғыз-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтып, арттыруға ниетті, – деді Қырғызстанның Сыртқы істер министрі.

Президент министрмен кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік және су-энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!