Құқық қорғаушы Евгений Жовтис қызметінен кетті

15:36, 29 қыркүйек 2024

© Сурет: senate.parlam.kz

Евгений Жовтис Адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі қазақстандық халықаралық бюросының басшысы қызметінен босатылды. Ол бұл ұйымды 1993 жылдан бері ұзақ жылдар басқарып келді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро" республикалық қоғамдық бірлестігі мүшелерінің жалпы жиналысы 27 қыркүйекте өтті.

"Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – екі жыл сайын өтетін Бюро директорын сайлау болды. Бюроның қазіргі басшысы және негізін қалаушылардың бірі Евгений Жовтис Бюро басшылығына жастардың келуі қажет екенін айтып, ұйымды жедел басқарудан кеткісі келетінін алға тартып, өз кандидатурасын ұсынбады", делінген ұйым хабарламасында.

Ұйымның бас сарапшы-кеңесшісі қызметін атқара отырып, оның стратегиялық дамуы мен сарапшылық қызметіне көңіл бөлетінін жеткізді. Жасырын дауыс беру барысында директор болып Бюро директорының орынбасары және БҰҰ "Босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарға құқықтық көмек көрсету" жобасының үйлестірушісі Денис Дживага сайланды.

Сондай-ақ отырыста Бюроның ұйымдық қалыптасқан жүйесіне, Жарғысына аздаған өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып, Бюро кеңесінің сайлауы өтті.

Айта кетсек, Адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі қазақстандық халықаралық бюросы 1993 жылы құрылған. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласында бас кеңсесі, республика өңірлерінде он филиалы және бір өкілдігі бар Қазақстандағы ең ірі құқық қорғау ұйымы болып табылады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!