Қосанов қалай ақталарын білмей жүр

13:24, 29 қыркүйек 2020
436

Саясаткер Әміржан Қосанов президенттік сайлаудағы әрекеттері үшін әлі ақталып жүр. Ол сайлаудан соң біраз уақыт БАҚ-тан көрінбей, тіпті, әлеуметтік желілерде де тым-тырыс қалған. Елдің ашуы басылды-ау деген сәтте, яғни, соңғы кездері ел алдына қайта шыға бастады, деп жазады nege.kz.

Ойларын, әзілдерін ақырындап жазба түрінде қалдыра бастады. Десе де, жұрт оны әлі ұмытпапты. Иса пайғамбардың үмбеттері жиі айтатын "отыз күмісі" орағытылып алдынан қайта-қайта шығып жатыр. Өкшелеп қалмай жүр.

Мәселен, Қосановтың әлеуметтік желіге қалдырған соңғы жазбасы – "Адамның көңлі бір атом насыбайдан қалады екен..." деген әзіл. Оған Абай Сейфуллаұлы деген қолданушы "Атомды қойыңыз, сайлаудан-ақ қалып қойған көңіл", – деп тиістіре түсіндірме жазған.

Бұл Әміржан Қосановқа бір ауыз сөйлемге ұзын-сонар ақталу хатын жазуға түрткі болды.

"Мен сайлауға бүкіл оппозицияның атынан түскен жоқпын. "Ұлт тағдыры" атты бір ұйымның атынан түстім. Қолымнан келгеннің бәрін жалғыз жүріп жасадым. Айтарымды айтып қалдым. Ұлттық демократиялық мүдде, Желтоқсан, Жаңаөзен, қаза тапқан және сотталған оппозиция өкілдерінің атын жаңғырттым. Сол сөздерімнен әлі де қайтқан жоқпын", – дейді Қосанов.

Саясаткерді аяғынан шалған үш нәрсе екен: бұрынғы үзеңгілестері (оппозиционерлер), Әблязов және ОБСЕ.

Айтуынша, оның жеңілуіне оппозиция қосынындағы бұрынғы әріптестері де түрткі болыпты. Оны бір де бір оппозициялық партия немесе аты белгілі жеке оппозиционерлер қолдамаған. Керісінше, өзін оппозиция деп жүргендер өре түрегеліп қарсы шығыпты. Қаралап, "бойкот" деп, оның штабына бас сұқпаған. Соның кесірінен сеніп дауыс бергендердің қарасы азайыпты. Сөзіне сенсек, есепшотына небәрі 3 миллион теңге түскен. Сайлауға өз ақшасын ғана салыпты.

Сайлау қорытындысын ерте мойындағанын былайша түсіндіреді:

"ОБСЕ-нің пікірі бойынша мен екінші орын алдым. Соны мойындадым. Сол ма менің кінәм?", – деп ақталады.

Шетелде жатып, Әблязов та аяқтан шалуға әрекет етіпті.

"10-ы күні сағат 12-00-ге сыртта жүріп, мені қаралап жүрген Әблязов "сайлау нәтижесіне қатыссыз, барша жұртты көшеге шақырды". Егер де мен сол түні мойындамағанда, көшеге 4 мың емес, 40 мың адам шығар еді. Ал оның арты – қан болар еді!"

Бір мұнай компаниясының мүддесіне бола Жаңаөзенде қатаң шараға барғанын еске салып:

"Бұл өкімет президенттік билік тағдыры шешіліп тұрғанда, жападан жалғыз қалған маған Ақорданы бере салады дегенге Сіз сенесіз бе?! 23 жыл бойына ашық оппозицияда жүрмін. Бәрін білдім. Мені сынайтындар табылатынын да білдім. Сонда да сондай қадамға бардым".

Әрине, жауаптары қисынды. Бірақ соңғы ойы ғана көмескі. Бәрін біліп тұрып, сонда да сондай қадамға барғызған не екен? Қызық!


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!