Коронавируспен күреске 114 млрд теңге бөлінген. Ол ақша қайда кетті?

13:40, 7 шілде 2020

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой брифингте ол ақшаның қайда жұмсалғанын айтты, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.

– Коронавирус індетінің таралуын алдын алу мақсатында министрлікке барлығы 114 млрд 826 млн теңге бөлінген. Оның 40 млрд 58 млн теңгесі – Үкімет резервінен нақты мақсаттарға бөлінген: 21 млрд 184 млн – жеке қорғаныс құралдарына, дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарға, 2,5 млрд – коронавирусты анықтайтын зертханалық жабдықтар алуға, 100 млн теңге коронавирусты анықтайтын реагенттер шығаруға, 13,7 млрд теңге – ПЦР әдісімен зертханалық тексеру қызметтерін көрсетуге, 310 млн теңге – жедел жәрдем көліктерін Қазақстанда жасалған жасанды өкпе желдету аппараттарымен жабдықтауға, 131 млн теңге – азаматтарды эвакуациялауға бөлінген, – деді Цой.

Республикалық бюджеттен 74 млрд теңге бөлінген, оның 19,5 млрд теңгесі инфекциялық, карантиндік және провизорлық станциялардағы медициналық ұйымдарға бөлінген, 40,4 млрд теңге карантиндік шараларға жұмылдырылған қызметкерлерді ынталандыруға, 14,8 млрд теңге – Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматыдағы жылдам тұрғызылатын үш аурухана кешенін құруға кеткен.

Сонымен қатар, министр дәрігерлердің жеке қорғаныс құралдарына қатысты сұраққа тоқталды.

– Қазір жеке қорғаныс костюмдерін сатып ала аламыз, өңірлер қажетті құралдардың бәрімен қамтамасыз етілген. Қалған ақшаның бәрі қосымша құралдар сатып алуға жұмсалады. Үкімет жеке қорғаныс костюмдері тапшылығы туындамас үшін алдағы айларға алдын ала сатып алуға қосымша қаражат бөлді, – деді ол.

Оның сөзінше, ең алдымен өңірлерді қамтамасыз етуге күш салынуда.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!