Көпбалалы аналардың коммуналдық қызмет төлемдерінің өтемақысын ұлғайту керек - Байбек

16:19, 13 ақпан 2019

Алматыда тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің Жол картасы жасалуда, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Нұр Отан" партиясы қалалық филиалының кезектен тыс конференциясында Алматы әкімі Бауыржан Байбек қалалық "Бақытты отбасы" жобасын іске асыруды және мегаполистің тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларын қолдауға арналған жеке Жол картасын жасауды тапсырды.

Ол әлеуметтік қолдауға зәру жандарға тікелей және жанама көмек көрсету партияның негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

"Көпбалалы отбасыларға заңнамалық және психологиялық кеңестер, реабилитациялық көмек өте қажет, сондықтан біз көпбалалы аналардың "Бақытты отбасы" орталығын құрғанымыз жөн. Бұл бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасайтын сервистік орталық болып табылады, осы арқылы көпбалалы аналарды жұмысқа орналастыра аламыз. Тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің кешендік моделін жасаған жөн, оның құрамына мемлекеттік жәрдемақы, адрестік көмек, әлеуметтік төлем, демеушілік қолдау, еңбекке тарту енетін болады. Қысқа мерзім ішінде көмекке зәру жандарды тағы да бір рет анықтап, әр отбасына барып, бірінші кезектегі көмек түрлерінің тізімін жасау қажет. Бұл бір реттік акция емес, бұл іспен біз жүйелі түрде айналысамыз", - деді Бауыржан Байбек.

Мегаполис басшысы әлеуметтік әл-ауқат, стратегия және бюджет басқармаларына және басқа да құзырлы органдарға бір апта ішінде осы мәселе бойынша жұмыс жасауды және нақтылы ұсыныстар айтуды тапсырды.

Айта кетерлігі, Алматы бюджеті әлеуметтік бағытқа негізделген және халықты әлеуметтік жағынан қамтуға бөлінетін қаржы жыл санап арта түсуде. Қазіргі кезде бюджеттің 50%-дан астамы немесе 200 млрд. теңгеден астам қаржы денсаулық сақтауға, білімге, тұрмысы төмен жандарға көмек көрсетуге, коммуналдық шығындарды субсидиялауға, түрлі жәрдемақыларды төлеуге жұмсалуда.

"Нұр Отан" фракциясы мәслихатта түрлі әлеуметтік мәселелерді көтереді. Олардың ұсыныстарының барлығы жергілікті атқару органдарында оң шешімін тауып, қалада іске асуда.

Мысалы, 2016 жылдан бастап партия фракциясының бастамасы бойынша бала бақшалар төлемдері 27 ден 15 мыңға азайды. Бұл мақсат үшін бюджеттен жыл сайын 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді, мұнда 60 мың отбасы қамтылған. Соңғы төрт жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс есебінен бала бақшадағы орындар саны 3 есе артты немесе 4,7 мыңнан 15,5 мыңға өсті. Жалпы, бала бақша орындарын субсидиялау үшін жыл сайын 18 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл цифр үш жыл ішінде 2 есе өсті.

Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың 11 сыныпқа дейінгі балалары тегін тамақтанады және оларға мектеп формасы тегін беріледі. Мұндай қажеттіліктерге жыл сайын 800 млн. теңгеден стам қаржы бөлінуде. Көпбалалы отбасылардың 4 мыңнан астам балаларының тегін демалысы ұйымдастыруға жыл сайын 230 млн. теңге қарастырылған.

Бұлардан өзге, соңғы 4 жыл ішінде партия ұсынысы бойынша көпбалалы отбасылардың мүшелері, мектеп, колледж оқушылары ЖОО студенттері мен зейнеткерлер жолақының жеңілдетілген 50 пайызын ғана төлейді, бұған жыл сайын 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Жеңілдікпен 350 мыңнан астам адам қамтылған.

Партия бастамасы бойынша түрлі өтемақылар беріледі. Мысалы, 2,3 мың отбасының, оның ішінде көпбалалы аналардың коммуналдық шығындары өндірілді. Осы категориядағылардың үйлеріне есептегіш коммуналдық қондырғыларды орнату шығыны өтелуде. Бүгінгі күні 1000-нан астам отбасыға 50 млн. теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді.

Бұлардан өзге, өткен жылы партияның қалалық Бюросында прокуратураның қала монополистерін тексерген материалдары қаралған болатын. Нәтижесінде заңсыз есептелген 4,5 млрд. теңге тұтынушыларға қайтарылды.

Жалпы, үш жыл ішінде тарифтерді ұстап тұру үшін 6 млрд. теңге бөлінді, тарифті өсірмей, 800 км. желі жөнделді. Қазіргі кезде 1,5 млн. адам немесе қала тұрғындарының 80%-ы ұсталған тарифтер бойынша коммуналдық қызметті төлеуде. Егер әкімдік субсидия бөлмегенде тұрғындар үш жыл бойына тек жылудың өзіне ғана 35%-ға көп төлейтін еді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада ПИК-тер қызметінің, лифттің тарифтері азайды. Коммуналдық төлемнің басым бөлігін жылуға ақы төлеу құрайтындықтан партияның ұсынысы бойынша жылумен қамтасыз ететіндер шығынын компенсациялау үшін әкімдік резервтен 1,5 млрд. теңге бөлуді жоспарлаған еді. Нәтижесінде жылумен қамтамасыз ету тарифі 18%-ға төмендеді. Алматылықтар азайған тарифтер бойынша келген жаңа төлемдерді көрді.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!