Конституциялық Сот: еңбек даулары бойынша жүгіну мерзімі еңбекақы бойынша берешекті өндіріп алуды шектемейді
© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Конституциялық сот Еңбек кодексінің 160-бабының Конституцияға сәйкестігін қарап, оған өз түсіндірмесін берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Өтініштің мән-жайы
Бұған дейін азамат жұмыстан шығарылғаннан кейін еңбегі үшін сыйақы алуға конституциялық құқығын қорғау үшін сотқа жүгінген. Бұл 2021 жылғы қаңтар – 2024 жылғы сәуір аралығындағы үстеме жұмысына ақы төлеу жайында. Алайда сот үстеме жұмысқа ақы төлеу туралы шешімді сотқа жүгінген жылдың алдындағы соңғы жылға ғана қатысты шығарған. Басқа талаптар бойынша еңбек даулары бойынша сотқа жүгінудің бір жылдық мерзіміне сілтеме жасалып, қанағаттандырудан бас тартылған.
Азамат азаматтық даулар бойынша талап қоюдың ескіруінің үш жылдық мерзіміне сілтеме жасап, Еңбек кодексінің аталған нормасының қолданылуы өзінің еңбегі үшін сыйақы алу құқығына нұқсан келтіреді деп санайды.
Конституциялық Соттың ұстанымы
Конституциялық Сот тексеру қорытындысы бойынша жұмыскердің сотқа жүгінуінің бір жылдық мерзімі талап қоюдың ескіруінің жалпы үш жылдық мерзімін қолдану мүмкін емес дегенді білдірмейді атап өтті. Заң шығарушы даулардың жекелеген санаттары үшін талап қоюдың ескіруінің арнаулы мерзімдерін және сотқа жүгіну мерзімдерін, егер мұндай мерзімдер құқықтық айқындылықты және құқықтық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етудегі конституциялық маңызды мақсаттарды көздесе, белгілеуге құқылы.
Конституциялық Сот сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімін белгілеу еңбегі үшін сыйақыдан, оның ішінде нақты орындалған үстеме жұмысқа ақы алудан айыруға алып келуі мүмкін деп көрсетті. Жұмыс берушінің орындалмаған міндеті болған кезде соттар жұмыскердің сот арқылы қорғалу және еңбегі үшін сыйақы алу құқықтарының конституциялық кепілдіктерін сақтауға, сондай-ақ еңбегімен тапқан ақша қаражатын төлеу жөніндегі міндетті жұмыс берушінің ұзақ уақыт бойы бұзуының құқықтық сипатын ескеруге тиіс.
Конституциялық Соттың қорытындылары
Конституциялық Сот тексеру қорытындысы бойынша Еңбек кодексінің 160-бабының аталған нормаларын төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп таныды:
"Еңбек даулары бойынша сотқа жүгінудің осы бапта көзделген бір жылдық мерзімі жұмыс беруші тиісті сомаларды төлеу жөніндегі міндетті орындамаған жағдайда, үстеме жұмыс ақысын қоса алғанда, өзіне тиесілі жалақыны және еңбегіне ақы төлеуге байланысты өзге де міндетті төлемдерді өндіріп алу туралы талаптар бойынша жұмыскердің сот арқылы қорғалу құқығын Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 178-бабына сәйкес талап қоюдың ескіруінің жалпы үш жылдық мерзімі шегінде іске асыруға кедергі келтірмейді",- делінген ақпаратта. .
Үкіметке осы нормативтік қаулы жарияланған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасына бастамашылық жасау ұсынылды.
Нормативтік қаулы 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді, түпкілікті, міндетті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
11:21, 9 маусым 2026
Пышақ ала жүгірген сталкер сот залынан босатылды - сот неліктен мұндай шешімге келді
-
11:07, 9 маусым 2026
«Шегірткеге арналған саңырауқұлақ»: Қазақстан мен Қытай ғалымдары жаңа бипрепаратты сынап көрді
-
10:54, 9 маусым 2026
Қазақстан бойынша бопсалаушылар ұсталуда: Полицейлер бірқатар істі атап өтті
-
10:39, 9 маусым 2026
Президент Иордания короліне құттықтау жеделхатын жолдады
-
10:23, 9 маусым 2026
Өскеменде бұзақылық жасаған 20 жасар елордалық қамауға алынды





