«Кhabar cup-2017»: Бильярд турнирінің қорытындысы белгілі болды

19:23, 22 қазан 2017

Бүгін Астанада «Хабар» Агенттігінің 22 жылдығына арналған бильярдтан «Кhabar cup-2017» турнирі өтті.

Республикалық сайысқа БАҚ саласының қызметкерлері мен ақпарат айдынының ардагерлері қатысты. Биылғы дода сонымен қатар «Хабар 24» арнасының 5 жылдығына арналып отыр. Журналистер қаламсап пен микрафонды бір сәт ки мен шарға алмастырды. Сөйтіп сөз бен көз мергендері бильярд үстеліндегі тасты асқан ептілікпен, бірінен соң бірін нысанаға дәлдікпен тоғытты. Тастаяқ жарысына қатысқан кіл мықтылар: «Спорттың бұл түрі тілшінің ойлау шеберлігін шыңдай түседі», – дейді. 

Намазалы Омашев, филология ғылымдарының докторы: 

– Жалпы шығарма иелері қай уақытта да тастаяқтан жарыстар өткізіп тұрған. Кезінде Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов сияқты үлкен қалам иелері ойнаған болатын. Қазір де журналистердің осындай басқосу арқылы өз шығармашылығына жол ашатындығына көз жетіп отыр. Бұл журналистердің шеберленіп өсуіне көп көмектеседі деп ойлаймын.  

Дәлдікті талап ететін турнирді Агенттіктік осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр. Дода «Хабар» арнасының 22 жылдығы және осы Агенттік құрамындағы «Хабар 24» арнасының 5 жылдығына арналғандықтан, бұл жолғы бәсекеде 24 әуесқой бақ сынады. Тастаяқшылар өздерінің шеберлік деңгейін шыңдап, әріптестік байланысты да нығайтуға мүмкіндік алды. 

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрайымының орынбасары: 

– Қатысуға ниет білдіргендер өте көп. Бірақ біз журналистикада, шығармашылықта жүрген «мен» деген мықты бильярдшыларды жинадық. Шараның басты мақсаты – өзара тек кәсіби ғана емес, шығармашылық байланысын да дамыту. Өйткені бильярд – интеллектуалды спорт түрі. 

Тартысты өткен тастаяқ сайысында бірінші орынды белгілі журналист Нұрділда Ораз олжалады. Ал ардагер журналист Сәдібек Түгел – екінші орынды, «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров үшінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға арнайы кубок пен медаль, дипломдар табыс етілді.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!