Кезіндегі Үдемелі-индустриалдық даму бағдарламасының соңы не болды

10:26, 13 желтоқсан 2019
752

Индустрияландыру бағдарламасы отандық кәсіпорындарға шамамен 50 жаңа өнімді экспорттауда бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге мүмкіндік берді. Елдегі өңдеуші өнеркәсіптің кеңеюі 137,1 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға жағдай жасады. Салым көлемі 34,2 млрд АҚШ долларына жеткен тиімділігі жоғары тауарларды өндіру шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды zakon.kz finreview.info-ға сілтеме жасап.

Соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстан экономикасы сыртқы факторлар мен жаһандық турбуленттіліктің қысымы жағдайында дамыды. Жаһандық және қаржы дағдарыстары, әсіресе, елдің экономикалық өсіміне қатты әсер етті. Осылайша, 2000-шы жылдардың басында әлемдік нарықтарда қазақстандық экспорттың негізгі тауарлары – мұнай, металдар мен қазақстандық астық бағасының өсуі экономикалық даму қарқынын орта есеппен 10%-ға жеделдетті.

2003 жылы Қазақстан экономикасы жаңа индустрияландыру жолына түсті. Бұл кезең Қазақстанның 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясын қабылдау арқылы бекітілген. Аталмыш стратегия ЖІӨ-дегі өңдеуші өнеркәсіпті дамытуды ынталандыруға, экономика мен өнеркәсіптік өндірістің құрылымын өзгертуге және қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтердің экспортын дамытуға бағытталған.

Алайда, 2008 жылы басталған экономикалық дағдарыс Қазақстанның ЖІӨ өсімін 3,3% -ға дейін баяулатты. Күрделі экономикалық жағдайға жауап ретінде 2010 жылы Қазақстан Үкіметі Жеделдетілген индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдады.

Сонымен қатар, индустрияландыру аясында өнеркәсіптік кәсіпкерліктің нығаюына қажет негізгі жағдай жасалды. Осылайша, экономиканы әртараптандыру үдерісін іске қосу үшін 50-ден астам заңға өзгерістер енгізіліп, жаңа заңдар қабылданды. Олардың қатарында:

"Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы" заң;
"Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігі туралы" заң;
Кәсіпкерлік кодекс;
"Мемлекеттік сатып алу туралы" заң;
"Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" заң;
"Кедендік реттеу туралы" заң.
Қазақстанда индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың тоғыз жылында 1250 жоба іске қосылды, олардың жалпы құны жеке инвестициялар мен атқарылған қуаттарды ескере отырып, шамамен 7,9 трлн теңгені құрайды. Бұл кәсіпорындарда 128 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Бұл ретте, егер индустрияландырудың бірінші бесжылдығында 770 жоба іске асырылса, төрт жылдың қорытындысы бойынша екінші бесжылдықта 480 жоба іске асырылды. 2019 жылы 1 қарашадағы жағдай бойынша құны 423,1 млрд теңге болатын 111 жоба іске қосылды, оның ішінде Қарағанды облысында 32,1 млрд теңге сомаға ферросилиций өндіру зауыты, Шымкент қаласында 18,9 млрд теңгеге күштік трансформаторлар өндіру зауыты және Шығыс Қазақстан облысында 10,6 млрд теңгеге күн электр станциясы іске қосылды. Ағымдағы жылы жобалармен 9 086 жаңа жұмыс орны құрылды.

Салалық бөліністе жобалардың ең көп бөлігі агроөнеркәсіптік кешенде және ауылшаруашылық қайта өңдеуде, құрылыс индустриясы мен машина жасауда іске асырылды.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылған жобалар жаңа өндірісті іске қосу ғана емес, қолданыстағы өндірісті кеңейту болып табылады. Мысалы, 2017 жылы Қостанай облысында Соколов — Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінде диспетчерлендіру жүйесінің жобасы енгізілді. Бұл жоба транспорттық жабдықтау өндірісін 10%- ға ілгерілетті.

Тұтастай алғанда, индустриялық жобаларды іске асыру Қазақстанның металлургия мен тамақ өнеркәсібінің дәстүрлі ірі салаларынан басқа, өңдеуші өнеркәсіп жүйесін жаңа 24 секторларымен толықтыруға жағдай жасады, олардың ішіне авиағарыштық сала, теміржол машина жасау, автомобиль жасау, коммуникациялық жабдықтар жасау, электрондық бөлшектер жасау, талшықты-оптикалық кабельдер жасау, негізгі фармацевтикалық өнімдер шығару және т. б. өндірісі жатады.

Өнеркәсіптік белсенділік аймағына жаңа өндірістерді шығару үшін Үкімет, ең алдымен, олардың оңтайлы өндірістік қуатқа шығуына бөгет жасайтын кедергілерді жоюға байланысты бірқатар шараларды іске асырды. Осыған байланысты елде инвестициялық ағындардың өсуі бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2010 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына инвестициялар 413,1 млрд.теңгеден 1,2 трлн. теңгеге дейін 3 есеге өсті.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру уақытында тікелей инвестициялар көлемі 2019 жылдың бірінші жартысындағы көрсеткішке сәйкес 34,2 млрд АҚШ долл. құрады. Шетелдік инвестициялардың жалпы ағымында қайта өңдеу саласының үлесі 15,7%-ды құрады.

Сонымен қатар Қазақстанда индустриаландыру аясында 12 арнайы экономикалық аумақ пен 23 индустриалды аймақ құрылды. Жеңілдіктер пакетінің арқасында олардың іске қосылуы ұлттық экономиканың дамуына оң әсерін тигізді. 2019 жылдың мамыр айының соңындағы мәлімет бойынша АЭА пен ИА базасында 350-ден астам жоба жүзеге асырылған, олар елге 1,1 трлн теңге инвестиция тартып, 184 млрд теңге көлеміндегі салық түсімдерін түсірген. Сондай-ақ 24 мың жұмыс орнын ашқан.

Қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту ісінде елді интеграциялық саясатындағы ілгері жылжулар да оң әсерін тигізген. Осылайша Қазақстан ЕАЭО және ДСҰ-на мүше болу арқылы, елдің әлемдік деңгейдегі бағдарын нығайтып қана қойған жоқ, сонымен бірге экспорттық жеткізілімдерді дамытуға да мүмкіндік алды. Нәтижесінде өнім шығарылымының 1,4 есеге артуы жағдайында, экспорт көлемі 111,9%-ға ұлғайды.

Сондай-ақ отандық кәсіпорындар 50-ге жуық жаңа тауарды экспорттаудан бәсекеге қабылетті деңгейге жете алды. Олар: мұнай битумы, алтын ұнтағы, қанттан жасалатын кондитер өнімдері, шоколад, портландцемент, макарон өнімдері, фосфор қышқылы және полифосфор қышқылы және т.б.

Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 1,3 есеге өсті. Өсім индустриаландырудың 14 басым секторының ішінде 8-інде байқалды. Олардың қатарында тау-кен көлігі құрылысы 35,5%; электротехникалық машина құрылысы 30,1%; мұнай-газ химиясы саласында 25,3%; мұнай өңдеу 22,6%; көлік құрастыру ісі 14,3%; мұнай-газ саласындағы көлік құрастыру 16,3%; теміржол көлігі құрылысы 15,9%; түсті металлургия 3,6% салалары бар.

Индустриаландыру мемлекеттік бағдарламасы нәтижесінде, сыртқы экономикалық жағдайларға барынша тұрақты сектор деп бағаланған қайта өңдеу өнеркәсібі – Қазақстанның тәуелсіздік тарихында алғаш рет өндіруші сектордың даму қарқынын басып озды. Яғни тоғыз жыл ішінде тау-кен өндірісі өнеркәсібінің ЖІӨ-гі үлесі 19,5%-дан 14,9%-ға төмендеді, ал қайта өңдеу өнеркәсібі керісінше 1,6 пайыздық көрсеткіштен 11,6%-ға өсті. Нақтырақ айтсақ өңдеуші сектордың ЖҚҚ 7 трлн теңгені құрады.

Жалпы өңдеуші өндіріс саласының дамуында оң өзгерістер бар, алайда серіктес сауда-елдерінің экономикалық жағдайының нашарлауы мен ұлттық валюта курсының тұрақсыздығын есептегенде, сондай-ақ, белгілі бір экономикалық оқиғалар жағдайында өсім көлемі әлі де төмен болып отыр.

Десе де ҮИИДМБ алғашқы бес жылдығына 4,2 трлн теңге бөлінді. Аталған қаражаттың 85%-ға жуығы (3 571,3 млрд теңге) инфрақұрылымды құруға бағытталды: 4 мың шақырым автокөлік жолдары ("Батыс Еуропа-Батыс Қытай", 2 транзитті дәліз Орталық-Оңтүстік және Орталық-Шығыс), 1 700 шақырым теміржол жолдары салынды (Өзен-Түркменстанмен мемлекеттік шекара, Жетіген-Қорғас, Бейнеу-Жезқазған, Арқалық-Шұбаркөл).

Индустриаландыру мақсатында 624,1 млрд теңге қаражат бөлінді, бұл барлық бюджеттің 14,8%-ы болып табылады. ҮИИДМБ жүзеге асыруға 811,3 млрд теңге көлеміндегі қаражат қарастырылған.
Демек қалаларда, логистика үшін қажетті инфрақұрылым құрылғанымен, индустриаландыру жете қаржыландырылмады. Бұдан бөлек қаржының бір бөлігі Жол картасы арқылы кәсіпкерлікті қолдауға жұмсалды. Осылайша төрт жылдың ішінде 13 мың шағын және орта бизнес субъектілері қаржыландырылып, 10 мың жұмыс орны құрылды.

Индустриаландыру процесі ұзақ мерзімді болып табылады және ол құрылымдық әдісті талап етеді. Қазіргі таңда Қазақстанда индустриалды даму үшін барлық жағдайлар жасалған, алайда елде бизнес ортаны ынталандыру қажет. Осыған орай ҮИИДМБ 2020-2025 жылдарға арналған үшінші кезеңі аясында индустриаландыру мақсаты халықаралық экономикалық ұйымдарға мүше болу аясында міндеттерді ескере келе, ішкі және сыртқы нарықта өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабылеттілігін ынталандыру үшін, қажетті жағдайлар жасау болып табылады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!