Қазығұрттан басталатын Наурыз мерекесіне 34 млн теңге жұмсалады

12:14, 20 наурыз 2018
727

Ертең, яғни 21 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданындағы Қазығұрт тауының бөктерінде Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Наурыз Қазығұрттан басталады» мерекелік іс шарасы өтеді. ОҚО мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының хабарлауынша, осы іс-шараны өткізуге 34,5 млн теңге жұмсалады, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

«Алда өтетін бюджетті нақтылаудан «Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасына 34,5 млн теңге қаржы сұрап отырмыз. Өткен жылдың соңында қаралған қаржымыз бар. Қазір содан жұмсап жатырмыз. Бірақ нақтыланатын бюджеттен осы 34,5 млн теңгені сұратамыз. «Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасы 21 наурыда таңнан кешке дейін болады», - деді облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Асылхан Темірхан.

Оның сөзінше, бұл қаражат үлкен және кіші сахналарды безендіруге, театрландырылған қойылымға қатысатын 1000 адамның костюмін тігуге, этноауылдың Үлкен қақпасын орнатуға, ұлттық көрмелерді ұйымдастыруға жұмсалады.

«Мұндай іс-шараны өткізуге «34 млн теңге көп» деп айта алмаймын. Басқа облыстарда, Астана-Алматыда бұдан төрт-бес есе артық қаралады. Халық үшін жасалып жатыр. Ұлттық мерекеміз үшін жасалып жатыр», - деген Асылхан Темірханұлы мерекелік бағдарламаны айтып берді.

Қазығұрт ауданының Ақбұлақ ауылындағы Қазығұрт тауының етегіне 40 киіз үй тігіліп, этноауыл құрылады. Арнайы этноауылдың кіреберісіне Қазығұрт тауы іспеттес үлкен қақпа қойылып, этноауыл ішінде қолөнер шеберлері бұйымдарының, ұлттық тағамдардың көрмесі, ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады. Кіші сахна жасақталып, сонда облысқа қарасты 15 аудан-қаланың өнерпаздары ұлтымыздың салт-дәстүріне сәйкес театрландырылған қойылым мен концерттер береді. Бұл кіші сахна айналасындағы іс-шаралар жоспары. Ал негізгі мереке үлкен сахнаның маңында өтеді.

«Негізгі іс-шара сағат 11-де үлкен сахнада басталады. Үлкен сахна Нұһ пайғамбардың кемесі іспеттес жасақталып, безендірілген. Ұзындығы 48 метр. Алдына 2000 дана орындық қойылады. «Тіршіліктің бастауы – Қазығұрт» деген театрландырылған қойылыммен ашылады. Онда кеменің Қазығұрт тауына келіп тоқтап, тіршіліктің сол Қазығұрт тауынан басталғаны көрініс табады. Осы Қазығұрттағы Наурыз мерекесіне арналып жазылған «Рухани жаңғыру» әні алғаш орындалып, тұсауы кесіледі. Әннің авторы Әлімбай Ботақараев, ал сөзін Мұқағали Кенжетайұлы жазған», - деді Асылхан Темірхан.

Одан кейін «Күннің жаңаруы», «Қыдыр ата 12 аймен кездесуі», «Табиғаттың оянуы», «Наурыз тойы», «Рухани жаңғыру – ұлтты ұлықтаудың ұлы жолы», «Тәуелсіздік түндігі – Астана» сазды- хореографиялық композициясымен жалғасады. Облыстық мәдениет және өнер мекемелерінің өнерпаздарынан бөлек, шараға 300 ат, 20 түйе, 8 арба, күйме мен 500 көгершін қатыстырылады. Мерекелік іс-шара өтетін алаңның аумағы 1,75 гектарды құрайды.

Фото: Облыстық мәдениет және тілд дамыту басқармасы

Еске салсақ, қаңтар айында облыс әкімдігінде Рухани жаңғыру бойында үлкен мәжіліс өтті. Сол кезде облыс әкімі Ж. Түймебаев биылғы облыстық Наурыз мерекесін Қазығұрт тауының етегінде тойлауды ұсынды. Бұл ұсыныс қолдау тауып, жыл сайын 21 наурыз күні Қазығұрт тауының етегінде Наурыз мейрамын өткізу жоспарланды. Ал Оңтүстік Қазақстан облыс көлемінде Әз-Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар 19-25 наурыз аралығына белгіленіпті.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!